28 жел, 2021 сағат 12:16

Премьер-Министр құрылыс материалдарының құнын арзандатуға қатысты тапсырма берді


Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин құрылыс материалдары саласына қатысты жауапты ведомство мен әкімдіктерге тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Индустрия министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен, «Бәйтерек» холдингімен, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және әкімдермен бірлесіп бір ай ішінде Құрылыс индустриясы жобаларын іске асыру бойынша 2025 жылға дейінгі жол картасын әзірлесін», - деп тапсырды Мамин. 

Сонымен қатар Индустрия министрлігіне «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, нарықта делдалдардың жұмысына жол бермеу және құрылыс материалдарының құнын арзандату үшін 2022 жылғы 1 наурызға дейін «Маркетплейс» онлайн алаңын пайдалануға енгізу жүктелді. 

«Индустрия министрлігі Бәсекелестікті қорғау агенттігімен және әкімдіктермен бірлесіп, құрылыс материалдары бағасын негізсіз өсіру фактілері бойынша уақтылы шаралар қабылдап, үнемі бақылауды қамтамасыз етсін», - деді Үкімет басшысы.