01 ақп, 2022 сағат 13:12

Премьер-Министр «Білімді ұлт» ұлттық жобасын қайта қарауды тапсырды


Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Білімді ұлт» ұлттық жобасын тез арада қайта қарауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлихан Смайылов ведомствоның алдағы жобалары мен ұсыныстарын қолдайтынын айта келіп, бірнеше тапсырма берді. 

«Бірінші, Президент тапсырмаларына сәйкес, «Білімді ұлт» сапалы білім беру ұлттық жобасын тез арада қайта қарау керек. 

Екінші, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен бірлесіп Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл жоспарының жобасына балаларды балабақшаға кезекке қоюдың бірыңғай цифрлық базасын құру, тәрбие жұмысы тұжырымдамасын қабылдау, қосымша білім берудің бірыңғай ұлттық порталын құру жөніндегі іс-шараларды енгізу қажет», - деді Үкімет басшысы. 

Ол тапсырған үшінші міндет – кәсіпорындардың колледждерді қамқорлыққа алуын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жобасын 10 ақпанға дейін Үкімет қарауына енгізу. 

«Төртінші, Жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөніндегі жол картасын 7 ақпанға дейін енгізу керек. 

Бесінші, Салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, техникалық бағыттағы ғылыми кадрларды даярлауға басымдық беру қажет. Оның ішінде жас ғалымдарға гранттар бөлу және жыл сайын жетекші шетелдік ғылыми орталықтарға жіберу жұмыстарының аясында да ұйымдастырылу керек», - деген Әлихан Смайылов аталған жұмыстарды ұйымдастырып, бақылауды орынбасары Ералы Тоғжановқа тапсырды.