Қоғамдық тәртіпті сақтау мен ауқымды алдын алу шараларына байланысты, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне уақытша шектеу енгізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтып берді.
«Ішкі істер органдарының қызметкерлеріне еңбек демалысын беруге, қызмет бабынан тыс сапарлауға тыйым салынды. Қызметтік іссапарлар шектелді. Азаматтық қорғаудың барлық бөлімшелері ТЖ режиміне ауыстырылды. Халыққа хабар беру жүйесі әзірленді», - деді министр «Хабар 24» телеарнасындағы үндеуде.
Сонымен бірге, министр науқастардың карантиннен қашу оқиғасы тіркелгенін баяндады.
«Өкінішке қарай, карантиннен қашу немесе коронавирус жұқтырғандардың кіммен байланыста болғанын айтудан бас тарту оқиғалары болды. Бұл адамдарға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылдануда. Мұның барлығы азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін жасалып жатыр», - деді Е. Тұрғымбаев.
Бұған дейін ведомство басшысы 8 мыңнан астам полицейдің қоғамдық тәртіпті сақтауға атсатылысып жатқанын жеткізген еді.
Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 33-ге жетті: Алматыда – 15 адам, елордада – 18 адам.
19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимі енгізіледі.