Фото: Polisia.kz
Астана полицейлері қайғылы оқиғаның алдында алды. Тәртіп сақшылары балаларымен бірге терезеден секірмек болған әйелді құтқарып қалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
"Шаһар тұрғыны екі баласын ұстап 9-шы қабаттағы пәтердің терезесінен секірейін деп жатқанын естіген автопатруль оқиға орнына аттанды.
Алғашқы болып №26 учаскелік полиция пункті полиция бөлімшесінің аға инспекторы Асқар Папышев өзінің серіктесі Елдос Нұғмановпен бірге жетті. Олар аудан тұрғындарымен жиын өткізіп жатқан" - делінген хабарламада.
9-шы қабатқа көтерілген полицейлер үлкен баланың әкесімен бірге тұрғанын көреді. Ал кіші баласын әйел өзі ұстап, оған біреу жақындаса, секіретінін айтып айқайлаған. Тәртіп сақшыларының бірі әйелді сөзге тартып, мұндай қадамға бармауын өтініп жатқанда, екінші полицей формасын азаматтық киімге ауыстырып, сосын пәтерге кіріп, байқамай жақындап, бір қолымен баланың қолынан, екінші қолымен анасын мықтап ұстап алып, бөлмеге қарай тартып кіргізген.
24 жастағы әйелдің мұндай әрекетке отбасылық жанжалдан кейін бел буғаны белгілі болды.
"Оның күйеуіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабының 1-бөлігі “Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер” бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Отбасы ерекше бақылауға алынды. Әйел балаларымен бірге Астана қаласының дағдарыс орталығына орналастырылды. Онымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, психологиялық көмек көрсетілді" - дейді ІІМ баспасөз қызметі өкілдері.