Петропавлда екі ер адам пневматикалық қарудан абайсызда жарақат алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 мамыр күні түнде Петропавлдағы жарақат бөлімшесіне пневматикалық қарудан жарақат алған екі адам жүгінген. Дәрігерлер олардың денесіне тұрып қалған оқтарды алып, үйлеріне жіберді.
Петропавлдың криминалды полицейлері бұл факті бойынша тергеу жүргізді. Ер адамдар «Borner» пневматикалық қаруын өздерімен бірге балық аулауға ала барған. Олар қару оқталмаған деп ойлаған.
«Калибрі 4,5 мм аспайтын пневматикалық қаруды тіркеудің қажеті жоқ. Алайда кез-келген қаруды абайлап қолдану керек. Бұл оқиға соған дәлел. Ол үшін қаруды оқтаулы күйі сақтауға болмайды. Адамға қаратуға және ататын ойың болмаса саусақты шүріппеге қоюдың қажеті жоқ. Оқыс оқиғалардың алдын алу үшін қаруды сақтау, алып жүру, пайдалану талаптарын қатаң сақтаған жөн. Полицейлер қару иелерін үнемі тексеріп, профилактикалық іс-шараларды жиі өткізіп тұрады», - дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы Құрман Мусин.