Керекулік жас өнертапқыш Елдос Сәбит мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бионикалық протез ойлап тапты. Аталған жобаның бағасы нарықтағы үлгілерге қарағанда қолжетімді.
Қазіргі таңда Елдос Павлодар қаласындағы Инновациялық Еуразия университетінің студенті. Ол біраз уақыттан бері қол протезін жасаудың қыр-сырын зерттеп, заманауи технологиялардың көмегімен ыңғайлы және тиімді бағадағы протез жасап шыққан.
«Мен жасаған протез көп жағынан ыңғайлы деген ойдамын. Бионикалық қолдың барлық саусағы қозғалады. Қолдағы бұлшықеттер жиырылғанда мотордан бақылаушыға сигнал келеді. Соның нәтижесінде саусақтар жұмылып, ашыла алады. Бұл мен жасап шыққан протездің қазіргі мүмкіндігі. Алдағы уақытта қол протезінің қызметін толықтырып, табиғи саусақтар секілді бірнеше функцияларды қосатын боламын. Әлі де бұл жағынан жұмыстарды жалғасырамын. Бұл жоба шетелдік қымбат протездер сияқты электромиографияның көмегімен жұмыс істейді. Протез пластиктен жасалып, 3D-принтерден басып шығарылады. Құрылғыға сервопривод, плата, электромиографиялық тетік пен аккумулятор қолданылады», - дейді Елдос Сәбит.
Елдос жаңа туындысын аймақтық өндірісте іске қоспақ ниетте. Қазіргі уақытта жобаға шетелдік инвесторлар қызығушылық танытып үлгерген. Алайда өнертапқыш бұл ұсынысты қабылдауға асықпай отыр. Себебі, ол мемлекеттен грант алып, жобаны іске асыруды жоспарлауда.
«Әзірге жобаға Денсаулық сақтау министрлігі қызығушылық танытып, балалар үшін протез жасауымызды сұрады. Біз жасауға болады деп жауап бердік. Балаларға бионикалық протезбен салыстырғанда электронды протез ыңғайлы», - дейді ол.
Қазіргі уақытта Елдос өз туындысын түрлі көрмелерде таныстырып жүр. Жуырда Павлодарда өткен IT-форумда аталған жобаны ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев қажетті әрі заманауи жоба деп бағалады.
Айта кету керек, мұндай протез бұған дейін де жасалған болатын. «Жүз жаңа есім» жеңімпазы атанған Мәулен Бектұрғанов елімізде алғаш рет бионикалық протез ойлап тапты.