Павлодарда 500 млн теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған қылмыстық топ ұсталды. Бұл жайында ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ведомство мәліметінше, Павлодар облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға, көрсетілмеген қызметтерге және жөнелтілмеген тауарларға жалған шот-фактураларды жазып берумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті.
Құрамында 11 мүшесі бар топ Павлодар қаласының аумағында 4 жыл бойы жосықсыз салық төлеушілерге салық төлеуден жалтаруға көмектесіп келген.
«Топ мүшелері бақылаудағы 20 фирма арқылы жалған бухгалтерлік құжаттарды жазып берумен айналысқан. Мемлекетке аталған топтың заңға қайшы әрекетінен 500 млн теңгеден астам сомаға төленбеген салықтар түрінде залал келтірілді. Кінәлі тұлғалар 1,5 жылдан 6,5 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Мемлекет кірісіне 4 пәтер және 3 автокөлік тәркіленді», - деп атап өтеді агенттіктен.