© Photo : Pixabay / lukasbieri
Павлодарда ер адам ВКонтакте әлеуметтік желісінде бұрынғы жұбайымен жеке сипаттағы фотосуреттер мен бейнематериалдар жариялаған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қала тұрғынына қатысты әлеуметтік желілерде басқа адамның жеке өмірі туралы мәліметтерді оның келісімінсіз таратқаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
«Сондай-ақ өзін бұрынғы жұбайының құрбысы ретінде таныстырған ер адам ол туралы жалған ақпарат таратып, хат жазысқан. Бұл туралы естіген қала тұрғыны полицияға жүгінді. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 147-бабының 5-бөлімі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізіліп жатыр», – дейді Павлодар қаласы полиция басқармасы солтүстік полиция бөлімінің бастығы Бекзада Бөлежанов.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекснің 147-бабы – жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу, көпшілік алдында сөз сөйлеуде, көпшілік алдында көрсетілетін туындыда, бұқаралық ақпарат құралдарында немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, оның ішінде интернет арқылы, сол сияқты адамға немесе оның жақындарына қатысты іс-әрекеттер жасау осы адамның қызметті жүзеге асыруымен не осындай қызметке кедергі жасау мақсатында немесе ол үшін кек алу үшін кәсіптік немесе қоғамдық борышты орындауымен – үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде жаза қарастырылған.