03 нау, 2021 сағат 15:23

Павлодар тұрғыны: Ұлтымыз орыс болғанымен отбасымыздағы 5 қыз қазақшаға судай

Мемлекеттік тілді бала кезінен жетік білетін Наталья Сахарова қазақтың салт-дәстүрін де жақсы біледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

- Мен Баянауыл ауданы Бірлік ауылында өстім. Бала кезімнен қазақ тілін білемін. Отбасымызда 5 қыз. Барлығымыз қазақша сөйлесеміз. Ұлтым орыс болса да өз елімнің тілін, дінін, салтын құрметтеймін. Қазақ халқы қонақжайлылығымен танылған. Біз де содан қалыс қалмаймыз. Кез келген мерекеде қонақ шақырып, ет асып, бауырсақ пісіреміз. Наурыз көжені де жыл сайын дайындаймын, - дейді Наталья Сахарова.

Наталья Сахарова Дамир есімді ұлын тәрбиелеп отыр. Ұлы да қазақ тілін меңгеріп келеді. Натальяның айтуынша, қазақ тілін оңай үйрену үшін тілді білетін адамдармен араласу керек.

 

- Мен өзім 7 жасымнан қазақ тілінде сөйлеп келе жатырмын. Мектепті қазақша оқып, бітірдім. Қазақ балалармен араласқанның, жиі сөйлескеннің арқасында тілді жеңіл меңгердім деп ойлаймын, - деді Наталья Сахарова.

Натальяның мамандығы ерекше. Ол KSP Steel компаниясында кран машинисі болып жұмыс жасайды. Бұл салада қызмет атқарып келе жатқанына 4 жыл болған.
- Өндірісте жұмыс жасау бас кезінде қиын болғанмен, кейін машықтанып, үйреніп кетесің. Жұмыс ауыр емес. Оқып, үйреніп алдым. Бұл мамандықты әпке-сіңлілеріме айтқан кезде олар қарсы болды. Менің достарым, сыныптастарым әлі таң қалады. Кран машинисі болып жұмыс жасаймын десем, кейбірі қалжыңдап отыр деп ойлайды, - дейді Наталья Сахарова.

Кейіпкеріміз жұмыстың ақ-қарасы болмайтынын айтады. Бастысы, адал еңбек атқару. Өндірістік орындарда нәзік жандылар атқаратын жұмыс көп. Наталья өзінің қызы болса, өндірістік орында жұмыс жасауына қарсы болмайтынын айтады.