11 там, 2021 сағат 14:03

Павлодар облысында жемқорлықпен істі болғандар мектеп директорлығына тағайындалған


Павлодар облысында бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған екі мектеп директоры жұмыстан шығарылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Ардақ Балғожин мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ардақ Балғожин ANTIKOR ақпарат алаңында өңірдегі бірнеше мекемеге жемқорлық тәуекелдері бойынша жүргізілген талдаудың алғашқы қорытындысын жариялады. 

«Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша талдау жүргізілген 12 мекемеге қатысты 69 ұсыным енгізілді. Оның ішінде 59 ұсыным орындалды, қалғандары орындау сатысында. Талдау нәтижелері бойынша 7 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Білім беру саласындағы талдау кезінде бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған екі мектеп директоры анықталды. Олар еңбек заңнамасына сәйкес жұмыстан шығарылды. Бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысына барған адамдардың лауазымды қызметке алынуы заңға қайшы әрекет. Сондай-ақ, «Еңбек» бағдарламасының іске асырылуы бойынша да сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Біз материалдарды жедел бөлімшелерімізге бердік. Жалпы халықпен кері байланыс бар, оң өзгерістер сезіле бастады», – деді Ардақ Балғожин. 

Оның айтуынша, департаментте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыруға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу тәсілін өзгертуге бағытталған бірнеше жоба жұмыс істейді.