Іссапар шығындары мен мемлекеттік сатып алу шараларынан 11,1 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінген Павлодар облысының Сәулет басқармасының бір топ қызметкеріне сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бегайдаров ANTIKOR News ақпарат алаңында өткен брифингіде осындай мәлімет айтты.
«Павлодар облысының Сәулет басқармасының бұрынғы басшысы, басқарма басшысының міндетін атқарушы, әкімшілік бөлім басшысының міндетін атқарушы, әкімшілік бөлімнің бас маманы әрі бас бухгалтері іссапар шығыстары мен мемлекеттік сатып алу арқылы тауар қабылдау актілерін қолдан жасау арқылы жалпы сомасы 11 124 738 теңге бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталған болатын», - дейді Данияр Бегайдаров.
Сот үкімі бойынша басқарма басшысы Н.О. Какамбетов 3 жыл мерзімге бас бостандығынан, мемлекеттік қызметте өмір бойына лауазым атқару құқығынан айырылды.
Ал басқарма басшысының міндетін атқарған А.Б. Шарбанов 2,5 жылға мерзімге бас бостандығынан, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
«Басқарманың әкімшілік бөлімінің басшысы Қ.Т.Балтабаеваға дәл осындай жаза тағайындалды. Сот оның жас балалары бар екенін ескеріп, үкімді орындау мерзімін 5 жылға кейінге қалдырды. Бас бухгалтер де 2,5 жылға сотталды», - деді агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі.