17 нау, 2021 сағат 15:30

"Пәтерге кіріп тексермейміз". Қиясов қазақстандықтарға үндеу жасады

Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов пәтерлерде және жеке үйлерде Наурызды жаппай тойлаудың қалай тоқтатылатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

ОКҚ онлайн-брифингінде журналист Наурыз мейрамын туыстар арасында тойлауды қалай тоқтататынын сұрады.

"Бәрі халықтың жауапкершілігіне байланысты. Әрине, біз жеке үйлерге, жеке пәтерлерге кіріп тексермейміз. Бірінші кезекте көп адам жиналатын ортада немесе орындарда ең алдымен өздерінің жақындары мен туыстарына үлкен қауіп төндіретінін есте ұстау керек.

Бұл отбасылық мереке екенін түсінеміз және көптен күткен мереке екені де анық. Бірақ кез келген жағдайда біз сақтық танытуымыз керек. Сондықтан осындай мерекелерге бармауға шақырамыз. Шағын ортада, отбасы мүшелерімен мейрамды атап өтуге болады. Жасы үлкен қариялар бар екенін де ұмытпайық. Олардың денсаулығына алаңдауымыз керек", - деп жауап берді Қиясов.