Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атап айтқанда, заң жобасы бір топ Парламент депутаттарының бастамашылығымен әзірленді. Бұл тұрғыда «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы», «ҚР Мемлекеттік наградалар туралы» заңдарына түзетулер ескерілген. Ұсынылып отырған түзетулердің негізгілеріне тоқталсақ, көпбалалы отбасы ұғымын «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне сәйкес келтіру ескерілген. Бұл заңнамалық актілер арасындағы қайшылықты жояды.
«Екіншіден, «сатып алу құқынсыз жалға берілетін тұрғынжай» ұғымын енгізілмек. Бұл табысы төмен халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің тұрақты коммуналдық қорын құруға мұмкіндік береді», - деді Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов заң жобасы бойынша баяндама жасай отырып.
Үшіншіден, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алғандар немесе бұрын «Батыр ана», сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» атағын алған көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар санаты үшін тұрғын үй алуға жеке кезектілік енгізу қарастырылған. Көпбалалы отбасыларға тұрғын үйді бірінші кезекте алу құқығының берілгені - осы заң жобасының маңызды өзгерістерінің бірі болып саналады. Осы санатқа жататын үй алуға үміткерлерді баспана алғанға дейін кезектен шығаруға болмайды.
«Қазіргі уақытта кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың саны 31 725-ке жетті. Көпбалалы отбасыларды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жыл сайын 50 млрд теңге қаражат бөлінетін болады. Осының арқасында жылына кемінде 6 мың пәтер тапсырылады», - деді депутат.
Мұнымен қоса, мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарына жұмыс істейтін жастар үшін қолжетімді баспана жүйесін дамытуды енгізу қарастырылған. Сондай-ақ, мемлекеттік жастар саясаты жөніндегі уәкілетті органды сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді беру қағидаларын бекіту құзыретімен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылған.
«Бұл түзетулер Елбасының тапсырмасы бойынша жұмыс істейтін жастарды жалға берілетін тұрғын үймен қаматамасыз етуге мүмкіндік береді. «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында 2019-2025 жылдары Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін жыл сайын кемінде 1 мың жалға берілетін тұрғын үй салу жоспарлануда. Жұмыс істейтін жастар үшін бұл жақсы мүмкіндік. Қаралып отырған заң жобасының қабылдануы көпбалалы отбасылардың және жұмыс істейтін жастардың баспана мәселесін жедел шешу үшін заңнамалық негізді қалыптастырады», - деді Шавхат Өтемісов.