02 мау, 2021 сағат 18:15

«Папа звонит»: Полицейлер қыз баланың ұрланған телефонын қалай анықтады


Елордада бейтаныс адам аялдамада тұрған қыз баланың қолынан смартфонын жұлып алып, бой тасалаған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оқиға Кенесары көшесі бойындағы аялдамада болған. Бейтаныс адам кәмелетке толмаған қыздың қолынан «Samsung» маркалы телефонын жұлып алып, қаша жөнелген. Полицейлер шақыртуға дереу жетіп, күдіктіні жарты сағаттың ішінде іздеп тапқан. 

«Аз уақыттың ішінде оқиға орнына келген полицейлер жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің ізіне түсті. Ол қаладағы сауда үйлердің бірінде болған. Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Патрульдік полициясы полкі қызметкері полиция капитаны Қанат Қамзенов ұялы телефондарды сатып алатын және өткізетін орынды жедел аралап шығып, белгілері бойынша күдіктіге ұқсайтын адамды анықтаған. 

Шалбарының қалтасынан ұялы телефонды көріп, полиция қызметкері аталған телефонды көрсетуін сұраған. Ер адам қалтасынан телефонды шығарған кезінде «Папа звонит» деген жазу шыққан. Қанат Қамзенов ойланбастан самбо тәсілін қолданып қылмыскерді жерге құлатқан», - делінген Полиция департаментінің ақпаратында.

Ұсталған 34 жастағы күдікті аумақтық полиция басқармасына жеткізілді. Ер адам өз кінәсін мойындады.

Оған қатысты «Тонау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қыз баланың әкесі полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді.