Қазақстанның Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман алматылықтарды COVID-19-дың алдын алу шараларын сақтауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, егер шектеу талаптарын сақтайтын болсақ, вирус жұқтыру мен өлім-жітімді едәуір азайтуға болады.
Алматыда 25 желтоқсаннан бастап 5 қаңтарға дейін Қазақстанда, оның ішінде Алматыда коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша шаралар күшейтілді.
Әлемде күрделі эпидемиологиялық ахуал жағдайында жаңа шаралардың қабылданып жатқанын атап өту маңызды. Мысалы, Нью-Йоркте Ұлыбританиядан келген жолаушыларға қалаға келген кезде міндетті карантин талаптарын бұзғаны үшін 1000 доллар айыппұл салынады. 27 желтоқсаннан бастап 2021 жылдың 10 қаңтарына дейін Израильде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны күрт өсуіне байланысты қатаң карантин енгізіледі. Бұл жерде егер сырқаттанушылық көрсеткіштері айтарлықтай төмендемесе, шектеулер тағы екі аптаға ұзарады.
Қазақстанның Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметіне берген сұхбатында коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдайды талдау үшін болжамды модельдер аурумен күресте қабылданып жатқан шараларға қалай әсер ететінін айтты.
Әлемде індеттің дамуын және коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупін бағалаудың бірнеше математикалық модельдері қолданылады. Профессор АҚШ-тың Сиэтлдегі Вашингтон университетінің жанындағы метрика және денсаулық сақтауды бағалау институтының моделін қолданады. Бұл институттың статистикалық болжамдары көпшілікке ашық.
«Модель динамикамен ерекшеленеді, яғни болжамдар ағымдағы жағдайға байланысты өзгереді. Ол бірнеше сценарийді қарастырады, мысалы: карантин немесе локдаун түрінде әлеуметтік ұтқырлықты шектеуді енгізу, бетперде кию, аурухана секторының дайындығын қамтамасыз ету және болжамдар оларға байланысты. Егер шектеу шараларын ұстанатын болса, онда жұқтыру мен өлім жағдайларын едәуір азайтуға болады. Бірақ ештеңе болмағандай өмір сүруді жалғастырса, онда көрсеткіштер әлдеқайда нашар болып шығуы мүмкін», - деді ол.
Профессордың сөзінше, эпидемиологиялық модельдер ауа-райы болжамы сияқты, ықтималдылықтың математикалық есептеулеріне негізделген. Осыған байланысты оларда белгілі бір қателік үлесі бар. Соған қарамастан, болжамдарды зерттеу Денсаулық сақтау жүйесіне ресурстарды ұтымды жұмылдыруға мүмкіндік береді. Мысалы, ауруханаға төсек санын жоспарлау және қажетті медициналық қызметкерлерді тарту.
«Мұндай мәліметтер халықтың инфекцияның таралуының алдын алу шараларын ұтымды және үрейге бой алдырмай қолдана отырып, эпидемияға дайын болуы үшін маңызды. Көптеген жағдайларда эпидемиологиялық болжамдар ауа райы болжамы сияқты принципке құрылады. Бірақ ауа-райының қандай болатыны бізге байланысты емес. Сондықтан біз ауа райын болжап, соған сәйкес киінеміз. Ауа-райынан өзгешелігі, алдағы пандемия толқынының ауқымы көбіне өзімізге байланысты, атап айтқанда, біз әлеуметтік қашықтықты қаншалықты сақтайтынымызға, бетперде киіп, адамдар көп жиналатын, әсіресе, ғимарат ішінде болатын іс-шараларға барудан қаншалықты бас тартатынымызға байланысты», - деді А.Шарман.
Алматыда эпидемиялық жағдайдың тұрақсыздығын ескере отырып, COVID-19 науқастарына арналған 7011 төсек-орны бар 23 стационар, оның ішінде 250 орындық реанимациялық стационар дайындалды. Пандемия кезінде 3 жаңа инфекциялық стационар салынып, екі клиника қайта құрылды.
Сонымен қатар, Алматы әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын өз денсаулығы мен айналасындағылардың амандығы үшін санитарлық-эпидемиялық талаптарды қатаң сақтауды сұрайды. Коронавирус инфекциясы қарт адамдар үшін қауіпті, сондықтан оларға мүмкіндігінше үйде болу керек. Барлық қала тұрғындарына адамдар көп жиналатын орындарға барудан бас тарту, әлеуметтік қашықтық пен бетперде режимін сақтау бойынша ұсыныстар берілді.
Алматыда қаланың Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес ойын-сауық, спорттық іс-шараларды, көрмелерді, форумдарды, конференцияларды, сондай-ақ отбасылық, салтанатты, мерекелік, естелік іс-шараларды өткізуге (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу) шектеу қойылған. Оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды (10-нан астам адам) үй-жайларда және ашық ауада өткізуге тыйым салынады, ал 25 желтоқсаннан 5 қаңтарға дейін – барлық ұйымдар мен мекемелерде жаңа жылдық іс-шараларды өткізуге, сондай-ақ аниматорларды (Аяз Ата, Ақшақар және т.б. жаңа жылдық кейіпкерлерді) үйге шақыру бойынша агенттіктердің жұмысына тыйым салынады.
Қала тұрғындарына:
- құшақтау, қол алысуды қоса алғанда, тікелей байланыс жасаудан аулақ болыңыз;
- қолды жиі жуып, үйден тыс жерде бір реттік салфетканы пайдалану;
- үй-жайларды желдету;
жөтелгенде, түшкіргенде қол орамалын қолданыңыз немесе шынтақ буынына түшкіріңіз;
- үйден шығар алдында медициналық бетперде, сондай-ақ ұзын жеңді сыртқы киім кию керек. Үйге оралғанда, бетпердені, қолғапты мұқият алып, пакетке салып, аузын жауып, қоқысқа тастау керек. Содан кейін қолды шаю немесе зарарсыздандыру керек;
- кем дегенде 1,5 м әлеуметтік қашықтықты сақтау ұсынылады.