Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі азық-түліктің қымбаттауы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Дағдарысқа қарсы қабылданған фискалдық құюлар, жұмсақ ақша-несие саясаты сияқты шаралар кезінде инфляция қарқыны жеделдеді. Әлемдік сауданың жандануы және сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігі бұл мәселені одан әрі ушықтыруда. БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының мәліметтерінше, азық-түліктің әлемдік бағасы 40%-ға көтерілді – бұл онжылдықтағы ең жоғары көрсеткіш. Мұндай жағдайда елдегі инфляция алғашқы жарты жылда 7,9%-ды құрады. Бұл белгіленген 4-6% нысаналы дәлізінен әлдеқайда жоғары», - деді Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Қ. Тоқаев азық-түліктің қымбаттауы ең өткір мәселе болып отырғанын жеткізді.
«Пандемия азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан елдің осалдығын ашып көрсетті. Әрине біз Қазақстанның экономикасы ашық екенін, тиісінше импорт немесе экспорт үшін өз нарықтарымызды жаба алмайтынымызды түсінеміз. Бұл сала үшін де, тұтынушылар үшін де кері әсер етеді. Сонымен бірге, отандық ауыл шаруашылығы саласының ішкі нарықты базалық өнімдермен қамтамасыз ете алмауы туралы сын да өте орынды.
Өндірістік шығындардан бөлек, бағаның негізгі факторлары ретінде маусымдық пен көлеңкелі делдалдық схемаларды атауға болады. Маусымдықты атауына қарап-ақ жыл сайын күтілетін нәрсе екені, демек оны басқаруға да болатыны түсінікті. Бұл мәселенің шешімі өнімді келесі маусымға дейін сақтаудың заманауи және қолжетімді инфрақұрылымын құруға негізделген», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Үкімет пен әкімдіктерге көкөніс өнімдерін сақтайтын қоймалар салу және жаңғырту жоспарын әзірлеуді тапсырды.