ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов Өзбекстандағы «Сардоба» су қоймасынан Қазақстанның елді мекендеріне қауіп жоқ екенін айтты, хабарлайды ҚазАқпарат.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде министрдің орынбасарына «Сардоба» су қоймасының апатынан екі тарап қандай қорытынды шығарғаны туралы сұрақ қойылды.
«Біріншіден, о баста Өзбекстан тарапы нысанды салған кезде бізбен келіспеді. Бірақ біз жағдайды бақылап отырмыз. Басында оның жобалық қуаты 920 млн текше метрдей болған. Сол авариядан кейін бұлар былтыр 350 млн текше метр суға мүмкіндік болады деп, жөндеу жұмыстарын жасады. Биыл сол 350 млн текше метр суды жинақтап жатыр», - деді вице-министр.
Айтуынша, Өзбекстан аталмыш қойманың сыйымдылығын қайта қараған.
«Болашақта Өзбекстанның жоспары бұрынғы 900 млн текше метр емес, 600 млн текше метрге дейін апарып, сонымен тоқтату туралы ойлары бар. Біз оны бақылап, қарап отырмыз. Әзірше Қазақстанға мына жағдайда қауіп жоқ деген болжам бар. Біздің мамандар да барып келді. Өзбек тарапының айтып отырғаны да осы», -деді Серік Қожаниязов.