20 қаз, 2023 сағат 12:19

Отырар ауданында зорланған жеткіншектер саны 15-ке жеткені рас па?

user18526052/Freepik

Түркістан облысының Полиция департаменті басшысы өңірде кәмелетке толмаған 15 қыз жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырады деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұған дейін белгілі адвокат Айман Омарова өзінің әлеуметтік желісінде Түркістан облысында ер адамның балаларды зорлауына қатысты жаңа мәлімет жариялаған болатын. Ол зорлық-зомбылыққа ұшыраған қыздардың саны артқанын айтты. Осыған байланысты облыстық Полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденов мәлімдеме жасады.

"Әлеуметтік желілерде Түркістан облысында ер адам тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалардың саны 15-ке жеткені туралы шындыққа жанаспайтын жарияланым бойынша түсіндіремін.

Түркістан облысы Полиция департаментіне 19 қазанның дәл осы уақытына дейін 3 азамат арызданған. Ешқандай 15 дерек немесе 15 арыз, 15 жәбірленуші деген жоқ.

Сонымен қатар басқа да жәбірленушілерді анықтау мақсатында жедел-тергеу іс-шараларын жалғастырып жатырмыз.

Осыған байланысты Түркістан облысының полиция департаменті жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР ҚК-нің 274-бабымен жауапкершілікке тарту қарастырылғаны туралы ескертеді. Сіздерден тек ресми дереккөздерге сену мен сүйенуді сұраймын" - деп жазды ол Facebook парақшасында.