25 қаң, 2023 сағат 15:13

Өткен жылы терроризм актілері туралы жалған хабарлама таратқан 25 адам сотталған

сурет ашық дереккөзден алынды

Қазақстанда жалған терроризмді ауыр қылмыстар санатына ауыстыру жоспарланып отыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, 2022 жылы терроризм актілері бойынша жалған хабарламалар саны көбейген. Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша 181 қылмыстық іс қозғалған.

"Әдетте, аталған фактілерді тексеру көп уақыт пен ресурстарды қажет етеді. Оқиға орнына полиция, құтқарушылар, кинологтар, өрт сөндірушілер, жедел жәрдем бригадалары, жедел тергеу топтары барады. Кәсіпорындардың қалыпты жұмыс режімі бұзылады.

Бұл күш пен құралдардың айтарлықтай ауытқуына әкеледі, тексерілетін коммерциялық кәсіпорындар миллиондаған шығынға ұшырайды, терролық шабуыл туралы жалған хабарламалар адамдарды эвакуациялау кезінде дүрбелең мен құрбандыққа әкелуі мүмкін.

Құқық қорғау және арнайы органдар осындай анонимді хабарламалардың авторларын анықтау бойынша шаралар қабылдайды", - делінген хабарламада.

2022 жылы 25 адам сотталған.

Мысалы, 2022 жылғы шілдеде Қостанай облысының тұрғыны өз көршісінен кек алу мақсатында электрондық поштасын бұзып, оның атынан Астана және Алматы қалаларының 13 нысанына (сауда орталықтары, әуежайлар, банктер және т.б.) терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама жіберген үшін 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.

Ал Алматы облысында құрдастарымен бәстесіп, электронды пошта арқылы 3 мектепті миналау туралы хабарлама жіберген 13 жастағы бала анықталып, полицияға жеткізілген. Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндетін орындамаған үшін оқушының ата-анасы жауапкершілікке тартылды.

"Айта кету керек, құқықтық тәртіпті қорғау органдарында қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін осындай құқық бұзушыларды жедел анықтау практикалық тәжірбиесі бар. Тәжірибе көрсеткендей, қылмыскерлер тек ел ішінде ғана емес, одан тыс жерлерде де әрекет етеді.

Жедел өзара іс-қимыл мақсатында шет мемлекеттермен интернет-кеңістіктегі анонимді хабарламалардың авторларына қатысты деректер алмасу бойынша Қазақстанның Бас прокуратураның үйлестірумен Будапешт конвенциясына («Компьютерлік қылмыстар туралы») қосылуға жұмыс жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ, Бас прокуратура мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп көрінеу жалған терроризм бойынша қылмыстық жауаптылықты күшейту және құқық бұзушылықтың осы түрін «ауыр» санатына жатқызу (7 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі) туралы мәселені пысықтап жатыр", - делінген ведомство хабарламасында.