ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Үкімет отырысында теңге бағамын тұрақтандыру бағытындағы шараларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Геосаяси жағдайдың шиеленісуі және Ресейге қарсы санкциялардың енгізілуі біздің экономикамызға да ықпалын тигізуде. Ресей рублінің айтарлықтай әлсіреуі нәтижесінде Қазақстанның қаржы нарығына жасалатын қысым өсе түсуде.
Сыртқы күтпеген өзгерістердің теріс салдарын барынша азайту үшін Ұлттық Банк инфляцияның айтарлықтай өсу тәуекелдерін жеңілдетуге және теңгедегі жинақтарды қорғауға және елдің алтынвалюта резервтерінің орынды жұмсалуына бағытталған шаралар топтамасын іске асыруда», - деді Ғалымжан Пірматов.
Сондай-ақ, ол 24 ақпанда Ұлттық Банк базалық ставканы 13,5%-ға дейін көтеру жөнінде кезектен тыс шұғыл шешім қабылдағанын еске салды.
«Бұл шешім ұлттық валюта мен инфляция деңгейіне жасалатын қысымды төмендетуге, сондай-ақ теңгедегі активтердің сақталуына бағытталды.
Үкіметпен бірге бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыру тез арада басталып кетті. Бюджет қаражаты есебінен жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша өтемақы (сыйлықақы) есептеуді көздейтін Теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы жарияланды.
Базалық ставка өскеннен кейін халықтың теңгедегі салымдары бойынша Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ұсыныс жасаған шекті ставкалар да өсті.
Қаржылық тұрақтылық тәуекелдерін ескере отырып, Ұлттық банк өткен аптада 176 млн долларға валюталық интервенция жүргізді. Біз интервенциялар туралы ақпаратты жедел жария етеміз», - деді Ұлттық банк төрағасы.