Жетібайдағы ереуіл ұзаққа созылды: West Oil Softwar компаниясының наразы жүргізушілерінің орнына Маңғыстау облысының жұмыссыз азаматтары жұмысқа орналасуға дайын екенін мәлімдеуде. Қазіргі уақытта жүзден астам қызметкер жұмыс орнына оралды. Олардың бірі Lada.kz редакциясына сұхбат беріп, атын атамауын өтінген. Сұхбат барысында ол Жетібайдағы ереуілден неліктен бас тартқанын айтты.
West Oil қызметкерімен болған сұхбат 23 ақпанда - аталған наразылықтың басталғанына 75 күн болған уақытта алынды. Сұхбат берушінің айтуынша, қазір наразылыққа шығудан бас тартқандар қысымға ұшырап отыр. Сол себепті ол атын атамауды қайта-қайта өтініп, болып жатқан жағдай туралы айтуға келісті.
Лада: Сіз жұмысқа қайта оралған екенсіз. Отбасыңыз бұл шешімге риза шығар?
West Oil жұмысшысы: Иә, шүкір, әрине, риза. Әсіресе балалар жағы.
Лада: Сіз бәрімен бірге наразылық акциясына қатыстыңыз. Сіз ереуілде қанша күн тұрдыңыз?
West Oil жұмысшысы: Елу күннен артық тұрдым. Ештеңе шешілмеді. Адамдарды сол жерде алдап, әлденені жасырғандай көрінді. Содан кейін ешкімді тыңдамай жұмысқа шықтым.
Лада: Сіз адамдарды алдады деп отырсыз. Қалай алдады? Кім?
West Oil жұмысшысы: Ол жерде белсенділер бар, күнде бір өтірігімен бәрін тойдырып жүреді.
Лада: Белсенділер? Олар қанша адам?
West Oil жұмысшысы: Нақты пәлен адам деп айта алмаймын. Жобамен 10 шақты адам бар.
Лада: Қазіргі уақытта қанша адам Жетібайда наразылық акциясына қатысып жатыр?
West Oil жұмысшысы: (ауыр күрсінді, ред.) Қазір жобамен 110 адам жұмысқа шықты, одан басқа үйінде отырып, жұмысқа келмей отырған адамдар бар. Ол жерде қанша адам бар екенін нақты тап басып айта алмаймын. Жобалап айтсам, 150-200 адам бар болуы керек.
Лада: Сіз бұл наразылыққа қалай шыққаныңызды айтып беріңізші. Өзіңіз айтқан 10 белсендінің ішінде қайсысы сізді наразылыққа қатысуға шақырды?
West Oil жұмысшысы: Негізінен олар 14 қарашада шығатынымызды айтты. Бірақ біз 11 желтоқсаннан бастап алаңда тұрдық. Ол жағын өзім қатты білмеймін. Бірге жұмыс істеген соң көппен бірге біз де қалмай шықтық.
Лада: Сіз сол көптің арасында болдыңыз ғой? Солай емес пе?
West Oil жұмысшысы: Иә, көпшілікпен бірге сол жерде тұрдым. Өтіріктің көп болғаны сонша, ең соңында жұмысқа қайта шығудан басқа жол жоғын түсіндім. Солай істегенде ғана бәрі дұрыс боларын ұқтым. Әлі күнге дейін көпшілігі сол жерде. Адамдарды алдап алаңда ұстап отыр.
Лада: Сонда қалай, не деп айтады? Адамдар оларға қалай сенеді?
West Oil жұмысшысы: Енді, сенетіндер бар...
Лада: Сонда не деп айтады? Неліктен көпшілік оларға сенеді?
West Oil жұмысшысы: Енді, сенгенде олар... Бүгін 23 ақпан болса, 1 наурызға дейін бәрі шешіледі. Күтейік, Аз ғана қалды, анау-мынау дейді. Қысқасы, алдай береді.
Лада: Сонда не мәселе шешілуі керек? Барлығын "ҚазМұнайГазға" ауыстырады деп пе?
West Oil жұмысшысы: Иә, олар бәрімізді "ҚазМұнайГазға" алады. Яғни, "Маңғыстаумұнайгаздың" транспорттық компаниясы боламыз дейді. Қалай айтылатын еді? ОТК - сол жаққа бәрімізді алады дегенді айтады. Тыңдай берсең басың айналады.
Лада: Сіз жоғарыда белсенділер туралы айттыңыз. Сіздің ойыңызша олардың мақсаты қандай?
West Oil жұмысшысы: Олардың нақты қандай ойда екенін айта алмаймын (күрсінді). Бұған дейін бір компания болатыны туралы қаңқу тарады. Альянс деді ме екен... Олар West Oil компаниясының орнын басып, әлгі белсенділер сол жердегі басшылық қызметтен үмітті болды.
Лада: Сонда белсенділер басшылық қызметті алып, өзгелері орынбасары боламыз деген ойда жүрді ме? Солай ма?
West Oil жұмысшысы: Иә, біреуі директор, екіншісі орынбасары болады. Жалпы, ондағы мақсаттар басқаша еді.
Лада: Сіздер ереуілге шыққан кезде көпшілігіңіз тікелей эфирде болдыңыздар, бейне хабарламалар жазып жаттыңыздар. БАҚ-пен тығыз байланыста болдыңыз. Мұның бәрін кім ұйымдастырды? Белсенділер ме?
West Oil жұмысшысы: Ол жерде тек 7-8 белсенді емес. Олардың командасы бар. Біз білмейтін адамдар. Мен бейнеүндеулердің мәтіндерін кім жазатынын нақты білмеймін, бірақ ереуілшілер ішінде мұндай сөздерді жазатын сауатты адамдар жоқ. Білмеймін, бірақ қандай да бір күш бар сияқты. Мәтіндерді біреу жазып жібереді, олар жай ғана оқып отырады.
Лада: Біз сіздердің кәсіпорынның жанына шатыр орнатқыларыңыз келген бейнежазбаны көрдік, бірақ полиция бұл шатырды орнатуға рұқсат бермеді. Жалпы, осындай әрекеттерді жасауды кім басқарып, шешім шығарып отырды? Мысалы, шатыр қою керек пе, жоқ па, біз бейне жазамыз немесе жазбаймыз деген мәселелерде...
West Oil жұмысшысы: Ол жерде белсенділердің барлығы түрлі Күштердің қолдауына ие сияқты.
Лада: Белсенділер дегеніміз - бұлар West Oil қызметкерлері ме?
West Oil жұмысшысы: Иә, Олар 2021 жылдан бері белсенді болып шыға келді.
Лада: Сіздерге қолдау көрсету немесе кеңес беру үшін сырттан келгендер болды ма?
West Oil жұмысшысы: Иә, «Өзенмұнайгаз» БЖБ-ның жігіттері бір рет келді, оны барлығы бейнежазбадан көрген шығар. Олар басында келді. Қазір ешкім бұлай қолдау көрсетпейді. Алғашқы 20-30 күн бой келіп жүрді. Қазір ешкім келмейді де.
Лада: Белсенділер тарапынан сіз сияқты жұмысқа қайта оралуға шешім қабылдаған адамдарға қауіп, қысым төнді ме?
West Oil жұмысшысы: Иә. Олар жұмысқа оралғысы келетіндердің көліктерінің кілттерін алып алады. Олар үйге бар, бірақ мәшіннің кілтін қалдырып кет дейді.
Лада: Сізге де солай деді ме?
West Oil жұмысшысы: Жоқ. Олар маған олай деген жоқ. Өйткені мен олардың айтқанына көнгем жоқ. Мен келетінімді немесе келмейтінімді өзім шешемін. Бірақ белсенділерден қорқатындар бар, олар өздері үшін тұра алмайды.
Лада: Олар кілттен бөлек басқа нені тартып алды? Немен қорқытты?
West Oil жұмысшысы: Білмеймін. Олар көбінесе кілттерін тартып алатын. Және мұны ешкімге жымын білдірмей жасайды. Белсенділер "ағайын, көлікті бізге қалдырыңыздар, біздің ұйықтауымыз керек. Сіздер таңертең бәрібір ораласыздар", дейді. Жағдай осылай болды.
Лада: Сіз өзім үшін жауап бере алам дейсіз. Айналаңыздағыларға жұмысқа қайта оралайық деп айттыңыз ба?
West Oil жұмысшысы: Мен оларға талай айттым. Тұра беруден түк те шықпайды деп. Бірақ ешкім тыңдаған жоқ. Тіпті, ҚМГ-дан арнайы өкілдер келіп, келіссөз жүргізуге шақырған кезде де дәл осылай болды.
Лада: Қалғандары жұмыссыз қаламыз деп қорыққан жоқ па?
West Oil жұмысшысы: Олар жұмыстан шығаратынына сенбейді. Басында 100 адамға жұмыстан шығару туралы хабарлама жіберді. Кейін 18 адамды жұмыстан шығарды. Олар тұруын жалғастыра берді. Қандай жағдай болса да тұрамыз деп отыр. Бұл қағаздар ештеңе шешпейді дейді.
Лада: Сіз ереуілшілерге біреу көмектеседі дедіңіз. Оларға мәтінді жазып береді, тағысын тағылар... Сіз бұл көмекті кімдер береді деп ойлайсыз?
West Oil жұмысшысы: Білмеймін. Байқағаным текст өте сауатты әрі әдемі етіп жазылған. Қате атымен жоқ.
Лада: Ол мәтінді кімдер оқиды? Белсенділер ме?
West Oil жұмысшысы: Сәкен есімді белсенді оқыды. Тана деген тағы бар. Тағы Қуаныш деген белсенді оқып жүрді. Бірақ Қуанышты беделді дей алмаймын. Ал Сәкен ол өте ықпалды.
Лада: Ереуілшілердің туыстары бұған қалай қарайды? Үйге қайтыңдар, жұмысқа шығыңдар деп айтпай ма?
West Oil жұмысшысы: Айтып жатыр ғой, бірақ олар тыңдамайды. Ондай ақыл айтқан туыстарымен тіпті телефон арқылы сөйлеспейді. Телефондарын алмай қояды. Олар сол жерде түнеп жүр.
Лада: Сізді қазір не мазалайды? Қанша дегенмен 50 күннен артық тұрдыңыз ғой.
West Oil жұмысшысы: Мен сол жерде 50 күннен артық тұрдым. Егер ештеңе шешілмейтінін басында білсем, ол жерде тұрмас едім. Өкінемін расымен.
Лада: 50 күн жұмысқа шыққан жоқсыз, осы уақытта несиеңізді қалай төледіңіз?
West Oil жұмысшысы: Қарызға батып, біреуден ақша алуға тура келді. Жағдай нашарлады, жалпы.
Лада: Жұмысқа қайта оралуға қорқыныш болған жоқ па?
West Oil жұмысшысы: Қазір менің жалақым бұрынғыдай, өзгеріс жоқ, сол мекемедемін. Бәрі бұрынғыдай болды. Жұмысымды жалғастырып жатырмын. Ең бастысы отбасым қуануда. Өзім де айлық алам, қарызымды төлеймін деп іштей өзіме қайта оралғаныма риза боп жүрмін. Басқалар да жұмысқа оралуы керек. Себебі, барлығының балалары, отбасы бар. Кредиті бар дегендей. Негізі жұмыстарына қайта оралғысы келетіндер баршылық, бірақ олар басқалардың алдында ұят болады деп әлі тұр. Баяғы сасық көкіректік қо, басқа дымда емес.
Лада: Бірі қорқады, тағы бірі ұялады дейсіз ғой?
West Oil жұмысшысы: Иә, қорқады. Себебі, олар, ереуілшілер, түбінде жеңіске жете ме деп ойлайды. Маған да баста солай айтты. Бірақ мен сенгем жоқ, тыңдамай жұмысқа шықтым.
Лада: Ереуілшілер жұмысқа шыққандарға қалай қарайды?
West Oil жұмысшысы: Енді қалай… Неше түрлі айтады, әйелдің киімін киіп жүріңдер, юбка киіңдер деп келемеждегендер болды.
Лада: Ереуілшілерге біраз адам қомақты ақша жинағанын білеміз. Ол ақшаның жайы не болды? Сіздерге жетті ме?
West Oil жұмысшысы: Жоқ, қайдан, бізге бермеді. Тек жалпыға ортақ тамақ алынды. Бұл ақша жинаумен белсенділер айналысты. Мүмкін, өздерінің несиесін жапқан шығар. Кім біледі?! Ол жерде 20 миллион теңгедей ақша жиналды.
Лада: 20 миллион теңге — бұл өте қомақты сома. Барлығын халық жинап берді ме? West Oil жұмысшысы: Мекемелер, компаниялар 100, 600 мыңдап ақша жіберді. Лада: Бірақ ол қаржының барлығы адамдарға берілмегені рас қой?
West Oil жұмысшысы: Ешкімге ештеңе бермеді. Ортақ касса болды. Оған бір адам жауапты болды. Одан барлығы азық-түлікке, басқа да шығыстарға ақша алды. Белсенділер де жеке бастарына ақша алды деп ойлаймын. Өз қажеттіліктері үшін. Әйтпесе олар несиесін қалай төлейді?
Лада: Олар барлығын жұмыстан шығарады дегенге не дейді?
West Oil жұмысшысы: Ой, әсер етпейді. Басында жұмыстан шығарылған 18 адам өздерін лидер санап жүр. Олар бізді жұмыстан шығарса да біз осында тұрмыз, басқаларға қолдау көрсетеміз дейді.
Лада: Бір үйден бірнеше адам болып ереуілге шыққаны бар ма?
West Oil жұмысшысы: Иә, бар. Бір ағалы інілі болды. Ағасы жұмысқа шығып, інісін де ақымақ болмауға шақырайын деп телефон соғып еді, телефонын мүлдем алмай қойды. Туған ағасын тыңдамағанына қарағанда белсенділердің сөзінен шыға алмай отырған болды бала.
Лада: Ал ереуілшілер West Oil-де жұмыс істегісі келетін жұмыссыздардың бейнеүндеулеріне, мәлімдемелерін қалай қабылдап жатыр?
West Oil жұмысшысы: Мұндай бейнеүндеуді бірінші болып Жетібайдан келген жұмыссыз жігіттер жазған екен. Ереуілде тұрған жігіттер 5-6 көлікке мініп алып, сол жігіттердің үйіне барып қорқытыпты. Ол жігіттер жүмысқа тұрғысы келетіндерін ашық айтыпты. Жігіттер дұрыс жасады. Қанша адам жұмыссыз жүр. Не өздері шықпайды, не басқаға орын бермейді, түсінбеймін.
Лада: Жауап бергеніңізге рахмет. Аты-жөніңіз құпия сақталады. Уайымдамаңыз.