02 шіл, 2022 сағат 16:38

Өтініштің нақтылығын Украинаның мемлекеттік органдары тексереді - ҚТЖ


ҚТЖ Украинадан Түркияға астық тасымалдамақ болған қазақстандық кемеге қатысты жаңа мәлімдеме жариялады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" компания баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"Кеше БАҚ Украина Бас прокуратурасы жүк кемесін ұстап, қамауға алу жөнінде Түркияға сұрау салғанын хабарлады. Бұл өтініштің нақтылығын Украинаның уәкілетті мемлекеттік органдары тексереді. Екі елдің елшілерімен белсенді консультациялар жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада. 

Бұған дейін астық сату мәмілесі эстониялық Mangelbert OU компаниясы мен түрік тарапы арасында жүргізілгені хабарланған еді. Еуропада тіркелген компания мәміленің заңды екенін мәлімдеп отыр. Жағдайды түсіндіру және халықаралық құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында ҚТЖ кемені жалға алушыға барлық растаушы құжатты (келісімшарттар, куәліктер және т.б.) қоса бере отырып, мән-жайды жедел түрде егжей-тегжейлі түсіндіруді сұрап хат жолдады. 

ҚТЖ халықаралық құқық нормаларын сақтауға міндетті екенін растап отыр.

Ал Reuters мәліметінше, Украина Түркияға "Жібек Жолы" жүк кемесін ұстау және тұтқындау туралы өтініш білдірген. Ол Ресей басып алған Бердянск портынан Украина астығын тасымалдаған.