29 қаң, 2021 сағат 11:00

Отбасылық-гендерлік саясатты жетілдіру бойынша жаңа қадамдарды әзірлеу керек - Ералы Тоғжанов

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне бірқатар міндеттерді жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпартат.

«Отбасылық-гендерлік саясатты жетілдіру бойынша жаңа қадамдарды әзірлеу керек. Қазіргі кезде тиісті заң жобасы қажетті талқылаудан өтіп жатқанын білеміз. Бірінші кезекте ол отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты болып тұр. Жаңа депутаттық топ құрылды. Кеше ғана Парламентте депутаттармен бірге осы тақырыпты талқыладық. Бұл мәселе қоғамды алаңдатып отырғанын білесіздер. Сондықтан сіздермен бірлесе осы бағытта жұмыс істейтін қадамдар бар», - деді Е. Тоғжанов аталған министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Ол аталған заң жобасы тиісті резонанс тудырғанын атап өтті. 

«Бұл өз кезегінде заңды құбылыс. Осы орайда біз аталған реакцияға, сын-қатерге назар аударуымыз керек. Сондықтан қоғам көтеріп отырған мәселелер міндетті түрде ескеріледі», - деді Үкімет басшысының орынбасары.