«Отбасы – орта мектеп» жобасы аясында жастарды тәрбиелеу әдістемелері әзірленіп жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл «Отбасы – орта мектеп» жобасы аясында педагогтер мен ата-аналар үшін ұлттық құндылықтарды ескере отырып, жастарды тәрбиелеу әдістемелері қосымша әзірленуде. Сонымен қатар отбасылық және ұлттық тәрбиенің құндылықтары балалардың бос уақытын, мәдени-бұқаралық іс-шараларды, жарыстарды, сынып сағаттарын, ата-аналар жиналыстарын, үйірме жұмыстарын және тағы басқаларын ұйымдастыру аясында іске асырылады», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министрдің атап өтуінше, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 71-бабына сәйкес күнделікті жұмыстың ұзақтығы, оның басталу және аяқталу уақыты, жұмыстағы үзілістер еңбек тәртіптемесі қағидаларында, еңбек және ұжымдық шарттарда белгіленген талаптарды сақтай отырып айқындалады.
«Еңбек заңнамасының, оның ішінде жұмыс уақыты режимдерінің сақталуын бақылауды мемлекеттік еңбек инспекторлары тәуекел дәрежесін бағалау критерийлеріне және еңбек заңнамасының сақталуын2 тексеру парақтарына сәйкес жүзеге асырады. 2020 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек заңнамасының нормаларын түсіндіру бойынша 5 мыңнан аса ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді», - деді Асқар Мамин.