Фото: Tengrinews.kz
«Отбасы банк» төрағасы Ләззат Ибрагимова қол астындағы қызметкерлердің қанша жалақы алатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«Отбасы банктің» айлық мөлшері, өкінішке қарай, өзге екінші деңгейдегі банктердің орташа нарықтық айлығынан төмен. Сондықтан еңбек нарығындағы бәсеке өте күрделі. Әсіресе, ІТ салада қиын. Өзінің мобильдік қосымшаларын дамытып жатқан банктер өте икемді саясат ұстанып отыр. Олар тұтас командаларға бюджет бөліп, ақша бере алады. Біз квазимемлекеттік сектор қызметкері болғандықтан, еңбекке ақы төлеудің белгілі бір ережесі бар. Бұл тұрғыда ешқандай жаңашылдыққа бара алмаймыз. Бізде тек ай сайынғы айлық пен тоқсандық сыйақылар ғана бар. Сондықтан бәсекелесу өте қиын.
Филиалдар бойынша айтсақ, орташа айлық 300 мың теңгеден басталып 400 мың теңгеге дейін жетеді. Қызметкерлердің 80 пайызы осындай айлық алады. Орталық аппаратта бұдан көбірек. Оның өзінде бәрі блоктарға байланысты. ІТ-блокта айлық жоғары. Кеңседегі жұмысшылар, бухгалтерия, операциялық бөлім сәл төмен алады», – деді басқарма төрағасы Мәжілістегі отырыстан кейін.
"Отбасы банк" басшысы қызметкерлерге берілетін сыйақы көлемі туралы да айтты.
«Жалпы әкімшілік шығындардан алып қарасақ, сыйақыларға соның 30 пайызынан аспайтын үлесі жұмсалады», - деді ол.
Алайда Ләззат Ибрагимова өзінің айлығын айтудан бас тартты.
«Бұл – коммерциялық құпия. Дегенмен коммерциялық банктерге қарағанда әлдеқайда аз. Біз екінші деңгейдегі банктердің ішінде капиталы бойынша төртінші орында тұрсақ та – солай. Блогерлердің бірі соны есептеп, деңгейлес бактерге қарағанда 6,5 есе аз алатынымды жазған болатын», - деді «Отбасы банк» басшысы.