Сурет: 365info.kz
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингте Қазақстанда әзірленген онкологияны емдеуге арналған препараттың адамдарға жүргізілген клиникалық сынақтарының бірінші кезеңінен сәтті өткенін хабарлады. Енді отандық қатерлі ісікке қарсы дәрінің клиникалық сынақтарының екінші кезеңі басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Зерттеуге онкологиямен ауыратын 15 науқас қатысты. Министрдің айтуынша, препарат бірінші сынақтан жоғары тиімділік көрсетіп, сәтті өтті. Саясат Нұрбек келер жылы дәріні тіркеуге шығаруды жоспарлап отырғанын жеткізді.
"1 шілдеден бастап тестілеудің екінші кезеңі басталды. Клиникалық сынаққа шамамен 3 мың адам қатысады. Барлығы 5 мыңнан астам онкологиялық науқас сынаққа қатысуға ниет білдіріп, тіркелді. Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның шешімімен зерттеу тобына екінші кезеңді жүргізуге шамамен 2 млрд теңге тамыз айында аударылады. Жыл соңына дейін біз барлық деректі өңдейміз", – деді министр.
Екінші кезең әртүрлі қатерлі ісік түрлері бар адамдарға дәріні тексеруді қамтиды. Сынақтар Астана, Алматы және Павлодар қалаларында өткізіледі.
Бірінші кезеңнің нәтижесінде препарат онкологияның ең агрессивті түрлерінің бірі — тоқ ішек қатерлі ісігінің IV сатысындағы науқастар арасында тиімділігін көрсетті. Ісіктің көлемі орта есеппен 30% азайды.