Отандық автоөндірушілер субсидия алған емес. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кейбір қоғам белсенділері РОП арқылы отандық көлік субсидия алды деп жүр. Бұл бос ұғым. Отандық автокөлік ешқандай да мемлекеттік қолдау немесе субсидия алған емес. Тікелей де субсидия алған жоқ. Мәселе мынадай, мысалы импорттық техника елімізге жеткізілгенде утильалым төленеді. Нарыққа шығарылғанда құнына утильалым кіреді. Ал отандық техниканың утильалым төлемеу алгоритмі қандай? Бекітілген қағида бар. Яғни алдымен кәдеге жарату алымын төлейді, одан кейін ақшасын қайтарып алған соң техникасын нарыққа шығарады. Сол ақшасын төлеп, одан кейін қайтарып алғанын кейбір белсенділер автоөндірушілерге жасалған субсидия немесе мемлекеттік қолдау деп жүр. Ондай қолдау жоқ. Ол мемлекеттік қолдау да, субсидия да емес», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.