01 нау, 2021 сағат 07:52

«Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті: Қандастар атынан қазақ халқына алғыс айтамыз

Елбасы үндеуімен тарихи Отанымен қайта қауышқан қандастар қауымы атынан барша бауырларды құшақ жая қарсы алған Қазақ халқына риясыз ризалық білдіріп, шексіз алғыс айтқымыз келеді! Бұл пікірді «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов айтты.

*** 

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен 5 жылдан бері айрықша құрметпен аталып өтетін «Алғыс айту күні» - ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен күллі Қазақстан халқына деген шынайы құрметтің орнығуына негіз болған Ұлт көшбасшысының бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. 

Бұл - тағдыр тауанымен Ұлы Даламызға қоныс аударған түрлі этностардың құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай халқымызға жасалған тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдері арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.

Алғыс айту күні - ел басына күн туған күрделі кезеңді иық тіресе бірге еңсеріп, тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен барлық азаматтардың бір-біріне құрмет білдіретін күні. 

Орайлы осы сәтте «Отандастар қоры» атынан және өз атымнан егеменді еліміздегі бірегей бірлік пен ұлтаралық татулықтың ұйытқысы болған Қазақстан халқы Ассамблеясын құрылғанына 26 жыл толуымен де шын жүректен құттықтаймын!

Ағынан жарылып, алғыс айту - риясыз ризалықтың нышаны, сондықтан бүгінгі жиында елдегі қандастар мен шеттегі отандастар атынан алғыс арнауымызға толық негіз бар деп ойлаймын.

Біріншіден, биыл - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы. Ең алдымен айтарым: 

Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ұлан-байтақ Ұлы даламызды қорғаған ата-бабамыздың асыл арманы болған азаттықтың ақ таңын нәсіп еткен Аллаға сансыз шүкір, шексіз алғыс! 

Кешегі Кеңестер Одағы тарап, еншісін алған егеменді елімізді Тәуелсіздік тәуекеліне бастап, аумалы-төкпелі кезеңде тығырықтан алып шыққан сарабдал саясаткер Елбасымызға алғыс айтамыз! 

Қазақстан Республикасы дербес мемлекет ретінде өз Тәуелсіздігін жария ете сала Тұңғыш Президентіміз тағдыр тауанымен шартарапқа тарыдай шашыраған ұлты қазақтың бәрін тайлы-тұяғымен Ұлы дала еліне оралуға шақырып, бір шаңырақ астына бірігуге үндеді. 

Сол бір сындарлы шақта Елбасы «Алыстағы ағайынға ақ тілек» атты әйгілі хатын жариялағаны белгілі. Қазақ көшін жандандыру мақсатында «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» құрылып, ең алғашқы құрылтай 1992 жылғы 28 қырқүйек пен 3 қазан аралығында Алматы қаласында өтті. 

Осы құрылтайда сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол - тәуелсіз Қазақстан. Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдастықта абыройының артуына адал қызмет етуге парыздармыз», өйткені «Бар қазақ - бір қазақ» деген жалынды сөзін айтып, миллиондаған елдің ет-жүрегін елжіретіп, алашқа асқақ рух сыйлаған еді.

Артынша атажұртты аңсаған ағайындар елге ағыла бастады. Тәу еткен Тәуелсіздік рухымен қанаттанған қандастардың Ұлы көшіне де биыл 30 жыл толып отыр. Ендеше, Елбасы үндеуімен тарихи Отанымен қайта қауышқан қандастар қауымы атынан барша бауырларды құшақ жая қарсы алған Қазақ халқына риясыз ризалық білдіріп, шексіз алғыс айтқымыз келеді! 

Сонымен қатар, былтырдан бері жаһанды індет жайлап, адамзат атаулыға қатер төнген сындарды шақта шет елдердегі отандастардың да қалың елі - қазағына қайырымдылық жасап, жанашырлық танытқан жақсылығын айрықша атап айтқан жөн. Қауіп әлі де сейіле қойған жоқ. Осындай күлліәлемдік күрделі жағдайда атажұрттағы ағайынының амандығын тілеп, гуманитарлық көмектерін жолдаған шеттегі жанашыр отандастарымызға да көптен көп рахмет! 

Тәуелсіздіктен бастау алған Ұлы көш әлі толастаған жоқ. Бір кездері тағдыр тәлкегімен шекара асып, шетелге ауған ағайындардың атамекенге ағылуына - 1997 жылдың 13 желтоқсанында «Халықтың көші-қоны туралы» Заңға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қол қоюы даңғыл жол ашып берді. Нәтижесінде әлемнің әр түкпіріндегі талай қазақтың ата қонысқа деген саумал сағынышы үзілмейтін үмітке, селкеусіз сенімге айналды.

Ата қонысымен қауышқан қандастар өздерімен бірге қазақтың жоғалуға айналған кейбір салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын, ұмытыла бастаған көне сөздерін ала келді десек артық айтқандық емес. Шетелде туып, егемендікпен бірге елімізге оралған талай танымал тұлғалар қазір мемлекетіміздің мерейін асырып, қандас өнер жұлдыздары мен сахна саңлақтары қазақтың атын айдай әлемге әйгілеп жүр. Ал, іскер бауырлар мен кәсіпкер қандастар халыққа қалтқысыз қызмет етуде. 

Ендеше, елдікті ұран, татулықты ту еткен көпұлтты Қазақстан халқына мың алғыс!» деген ақжарма тілегімді арнаймын. 

Мағауия Сарбасов 

«Отандастар қоры» КеАҚ

Вице-Президенті