06 қыр, 2023 сағат 12:13

ОСК мүшесі: АЭС құрылысына қатысты референдум өткізуге дайынбыз

Фото ашық дереккөзден алынды

ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов АЭС құрылысына қатысты референдумға дайындық жұмыстары жөнінде түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Референдум өтетіні жайында жарияланды. Оны өткізу мерзімі кейінірек мәлім болады. Жалпы, Орталық сайлау комиссиясы бұл жұмыстарға дайын. Яғни сайлаушылар тізімін құру, аумақтық сайлау комиссияларына қатысты жұмыстар ескерілген», - деді Шавхат Өтемісов Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Осы орайда ОСК мүшесі алдағы уақытта барлық жоспарлы іс-шаралар атқарылатынын айтты.

Сонымен қатар тілшілер рефрендумды биыл өткізу туралы шешім жасалса, Орталық сайлау комиссиясы бұл науқанға қаншалықты дайын болатынын сұрады.

«Референдум мерзіміне қатысты дерек әлі жарияланған жоқ. Егер биыл ұйымдастыру туралы шешім жасалса, Орталық сайлау комиссиясы дайын болады», - деді ОСК мүшесі.

Атап айтқанда, биыл 1 қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр стансасын салу мәселесін жалпыұлттық референдум арқылы шешу керек екенін айтты.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында атом электр станциясын салу мәселесін жалпыұлттық референдум арқылы шешу керек екенін айтты.

Еске салайық, Атом электр станциясы құрылысы үшін Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылы ең қолайлы жер ретінде таңдалды. Осы саладағы әлемдік тәжірибе де зерделенді. Соның негізінде ядролық технологияларды жеткізе алатын компаниялардың тізімі жасалды. Олар:

• HPR-1000 қытайлық CNNC компаниясы;

• APR-1400 реакторы бар корей KHNP компаниясы;

• ВВЭР-1200 және ВВЭР-1000 реакторлары бар Ресей Росатом компаниясы;

• EPR-1200 реакторы бар француз EDF компаниясы.