Фото: parlam.kz
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Абай облысындағы өрттің себебі, Қостанай трагедиясынан тиісті органдардың неге сабақ алмағаны туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өкінішке қарай, осындай жағдайлар болып тұрады. Әсіресе осы орман өрті саласында биыл өте үлкен бір жағдай болды деп айта аламыз. Өкінішке қарай, көптеген азаматымыздан, арыстардан айырылып қалдық. Осы мүмкіндікті пайдаланып тағы да Мәжіліс депутаттары атынан қайтыс болған азаматтардың отбасына, жақындарына қайғырып, көңіл айтамын. Өрт, су – тілсіз жау дейді. Апат айтып келмейді ғой. Бірақ сол тосыннан болған жағдайға, апаттарға тосқауыл қою да оңай емес. Біз оның қай күні, қай жерден келіп қалатынын да білмейміз. Мемлекетіміз үлкен, аумағы үлкен, өзіңіз білесіз. Бірақ сонда да, адамның өміріне қатысты болған кезде, елді мекендердің жағдайына қатысты болған кезде, әрине, біздің тиісті қызмет көрсететін органдарымыз, тиісті мамандар, жауапты тұлғалар, сақадай сай болуға тиіс. Өкінішке қарай, бұл жағдай бүгінде орын алмай отыр. Бұл туралы кеше Президентіміз өзінің бағасын берді», - деді Мәжіліс спикері.
Сондай-ақ, ол бүгінде осы мәселе бойынша көпшілікті алаңдатып отырған сауалдарға тоқталды.
«Сұрақ көп. Ең бірінші сұрақ, мұның себебі неден? Кім орманды отқа орады? Екіншіден, осы азаматтарды, тіпті өртпен күресуге дайын емес азаматтарды, қолдарында құралы, техникасы жоқ, өздерінің көлігімен бірге сол отқа кім айдап салды? Оған кім бұйрық берді? Бұл да сұрақ. Негізгі кінәлілерді құзыретті органдар тексеріп, тергеп жатыр. Соның қорытындысында білеміз деп ойлаймын», - деді Ерлан Қошанов.