ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясында сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстан Ресейге әрі қарай тауарларды экспорттау үшін Орталық Азиядағы көршілерімен бірге тарату орталықтары негізінде тауар өндірушілердің бірыңғай пулын құруды жоспарлап отырғанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Б. Сұлтанов атап өткендей, азық-түлік бағасының өсу қаупін азайту мақсатында басқа елдермен тауарлар қозғалысындағы кедергілерді азайту және сол арқылы саудаға жәрдемдесу мәселелері бойынша екіжақты өзара іс-қимыл жұмыстары жүргізілетін болады. Министр тұтынушылар үшін тауарлардың түпкілікті құнына тасымалдау шығындары да әсер ететіндігін атап өтті.
«Біз, мысалы, қызыл шие туралы оның Қазақстанның оңтүстігінен және Орталық Азия елдерінен келетінін айтамыз. Бұл жерде шекарада көптеген мәселелер туындайды. 150-200 көлік шекарада тұратынын білесіз. Мәселен, жүзім салынған тоңазытқыш камералар келе жатқанда, және кеден қызметкерлері оны ашқанда, оттегінің енуінің өзі 20% жоғалтады дейік. Оған қоса, ол (өндіруші) Нұр-Сұлтан қаласының нарығына келіп, дистрибьюторды немесе сатып алушыны табуға тырысады, осы аралықта тағы 20% жоғалады. Желілердің жетілмегендігі – тағы 20%. Жүзім соңғы тұтынушыға жеткенше, ол босап қалады», — деді министр.
Қазіргі уақытта жаңа Министрлік өндірушілердің нақты пулын құру мақсатында Орталық Азиядағы әріптестерімен келіссөздер жүргізіп жатыр. Б. Сұлтановтың айтуынша, мұнда қазақстандық өндірушілер де, көршілеріміз де пайда көреді.
«Сондықтан шекарадағы барлық кедергілерді алып тастауға мүмкіндік беретін бірыңғай дистрибуция жүйесі құрылады. Бірыңғай жүйенің арқасында біз баға тұрақтылығын және Қазақстан нарығына өнімді сапалы жеткізуді қамтамасыз ете аламыз. Осылайша, біз бағаның ұзақ мерзімді ауытқуын азайтамыз», — деді Б. Сұлтанов.
Сонымен қатар, ол ұзақ мерзімді сипаттағы шаралар туралы айтты. Бұған сауда желілері үшін көтерме-тарату сауда орталықтарын құру жатады.
«Көтерме-тарату сату орталықтары туралы айтатын болсақ, бұл жетіспейтін инфрақұрылым элементтерінің бірі. Олар өнімді жеткізу логистикасын, оларды сақтау және үй маңындағы дүкендерге тарату шараларын пысықтау үшін қажет. Бізде бұл жағы ретке келтірілмеген, бүгінде бәрі дистрибьюторларға байланыстырылған. Дистрибьютор бір жерден сатып алады, өзі әкеледі және таратады, олар бағаны біздің желілерімізге және дүкендерге белгілейді және бір-бірімен бәсекелеспейді. Сондықтан біз айқын жүйені құрғымыз келеді», — деді министр.
Қазіргі таңда Қазақстанда төрт өңірде — Жамбыл, Павлодар, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында көтерме-тарату сауда орталықтарын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Маңғыстау облысында көтерме-тарату сату орталығының құрылысы 2020 жылға жоспарланған. Алдағы уақытта үш өңірде — Ақтөбе, Алматы және Семей қалаларында тарату орталықтарын салу көзделген.
«Бүгінде үш өңір көтерме-тарату сауда орталықтарын салумен айналысуда. Инвесторлар мен жер телімдері анықталды. Біз өз тарапымыздан осы нысандарды қаржыландыруға мемлекеттік қолдау көрсетеміз», — деді министр.
Сонымен қатар, Б. Сұлтанов жаңадан құрылған Сауда және интеграция министрлігінің функцияларына бағаның тұрақтылығы мен өнім сапасы мәселелерін қадағалау кіретінін атап өтті.