Астанада тұрғын үй кешеніндегі өртті сөндіру кезінде зардап шеккен өрт сөндірушілердің отбасына баспана бойынша көмек көрсетілді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Астана әкімдігінің мәліметінше, Мемлекет басшысының атынан Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен қала әкімі Алтай Көлгінов өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің отбасына үш бөлмелі пәтердің сертификатын табыс етті. Пәтер демеушілік қаражат есебінен берілген.
"Өрт сөндіруші Аян Кемпіровтің отбасына ипотекалық несиені төлеуге көмек көрсетіледі. Сонымен қатар Асқар Забикулин мен Аян Кемпіровтің отбасына жалпы сомасы 6 миллион теңге болатын несиелерін өтеуге көмектесу туралы шешім қабылданды" - делінген хабарламада.
Айта кетейік, елордалық өрт сөндірушілер батылдық танытып, бірнеше адамның өмірін сақтап қалған еді.
Бүгінде Асқар Забикулиннің жағдайы ауыр, екінші науқастың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.