ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігі мәселелерін ерекше бақылауға алу мен өрт профилактикасы бойынша жұмыстарға түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Азаматтық қорғау органдары жыл сайын өрттерді, газ баллондарының жарылыстарын, тұрғын үй секторында адамдардың қаза болуы мен жарақаттануын азайтуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар кешенін іске асыруда. Карантиндік шектеулердің енгізілуіне байланысты 2020 – 2021 жылғы жылыту кезеңінде атаулы профилактикалық жұмыстар негізінен хабарлама тәртібінде, байланыссыз іс-шаралар жүргізу және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізіледі», - делінген Үкімет басшысының депутаттық сауалға берген жауабында.
Оның айтуынша, ағымдағы жылғы жылыту кезеңінде мамандар 2 млн астам үйді аралап, шамамен 4 млн азаматқа нұсқау берілді.
«Аралау барысында 476 мыңнан астам жеке тұрғын үйде 661 мыңнан астам өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталды, 246 мыңнан астамы аралау барысында жойылды (пеш алды оттық табақтарын орнату, жылыту жабдықтарының үстіне киімді кептіру және т.б.). Аталған жұмысты уәкілетті мемлекеттік органдар жүйелі негізде жүргізіп отырады. Жалпы тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі уәкілетті мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында тұр», - деді А. Мамин.