ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Төтенше жағдайлар министрлігі жаңадан жобаланатын көппәтерлі тұрғын үйлерді автоматты өрт дабылы жүйелеріне байланысты түзетулер дайындағанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Халықаралық тәжірибені ескере отырып, 2018 жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің (бұрынғы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті) бастамасы бойынша ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті (ИИДМ Құрылыс істері комитеті) «Бір пәтерлі тұрғын үйлерді және олардың инженерлік жүйелерін жобалау» ҚР ҚН 3.02-02-2018 құрылыс нормаларына жеке тұрғын үйлерді дербес түтін өрт датчиктерімен жабдықтау бойынша талап енгізді. Пәтерлерде адамдардың жаппай қаза табуына байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі ағымдағы жағдайға және көппәтерлі тұрғын үйлерге қойылатын талаптарға талдау жүргізді. Талдау нәтижелері бойынша Төтенше жағдайлар министрлігі қабаттылығына қарамастан, жаңадан жобаланатын көппәтерлі тұрғын үйлерді автоматты өрт дабылы жүйелерімен, сондай-ақ улы газ концентрациясының рұқсат етілген деңгейінен асқан кезде газ беруді автоматты түрде тоқтататын газдануды бақылау жүйелерімен жарақтандыру бойынша, дыбыстық сигналы бар түтін хабарлағыштарымен міндетті жабдықтау бөлігінде түзетулер дайындады», - делінген Үкімет басшысының депутаттық сауалған берген жауабында.
А. Маминнің айтуынша, қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар министрлігі ҚР ИИДМ Құрылыс істері комитетімен бірлесіп, құрылыс нормаларына осы түзетулерді енгізу мәселесін пысықтап жатыр.
«Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар халықтың осал топтарының тұрғын үйлерін датчиктермен өтеусіз негізде жарақтандыру жұмысын азаматтық қорғау, әлеуметтік қорғау, білім беру және полиция органдарын тарта отырып жүргізуде», - деді Премьер-Министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар адам өліміне әкеп соққан Жамбыл, Қызылорда облыстарында және Петропавл қаласында болған қайғылы оқиғаларға байланысты Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған болатын.
Осы орайда депутаттар Прмеьер-Министр Асқар Маминнен Төтенше жағдайлар министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, көпқабатты үйлерге, әсіресе уақытша баспана мен саяжайларға, басқа да жайлы емес тұрғын үйлерге әрбір нақты жағдайда көмек көрсету тұрғысынан толық жұмыстарды жүргізуді сұрады.