© Астана қаласының әкімдігі
Елімізде аутизмге шалдығатын балалардың көбеюі осы бағытта оңалту орталықтарының санын да арттыруды қажет етуде. Осыған орай Астанада мемлекеттік тапсырыспен ерекше балаларға тегін қызмет көрсететін "OrdaAutism" түзету орталығының төртінші филиалы ашылды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
Оның ашылуына Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов, Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб қатысып, жаңа ұжым жұмысына сәттілік тіледі.
Орталықты 2016 жылдан бері жұмыс істейтін Астана қалалық "Orda" аутизмі бар балалар ата-аналарының қоғамдық бірлестігі ашып отыр. Бұған дейін олар ашқан 3 орталық жылына 500-ден астам баланы түзету және оңалтумен айналысатын. Мұнда ғылыми дәлелденген, ең тиімді, заманауи әдістемелер қолданылады және арнайы дайындықтан өткен мамандар жұмыс істейді. Ерекше балғындардың ата-аналарына да психологиялық қолдау көрсетіледі.
Жаңа ғимаратта аутизмге шалдыққан балаларды оңалту мен түзетудің тың форматтары енгізілген, мекеме жұмысы осы ретте заманауи машықтар мен әлеуметтендіруге қол жеткізуге бағытталған. Оның ашылуы үшін қаншама ресурс пен күш салынды. Осыған орай орталық басшысы Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына 7 жыл бойы серіктес болып келе жатқаны үшін алғыс білдірді.
800 шаршы метр аумақты алатын жаңа орталықта толығымен жабдықталған 20-дан астам кабинет бар. Бұл жерде логопедтер, дефектологтар, психологтар, бейімдеу дене тәрбиесі бойынша нұсқаушылар, музыка терапия мамандары және тағы басқа сала қызметкерлері жұмыс істейді. Балалардың үйіне барып, әлеуметтік қызмет көрсететін мамандар да бар.
Орталықтың бұған дейінгі үш филиалы Тұран, 9, Б.Майлин, 21 және Ә.Бөкейхан, 25В мекенжайлары бойынша орналасқан болса, жаңадан ашылған филиал ғимараты Кенесары, 80 мекенжайында орналасқан.