26 ақп, 2025 сағат 18:19

Оразаға санаулы күндер қалғанда ауыз бекітуге қалай дайындалу керек?

Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталатынын хабарлады. Ult.kz тілшісі ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Ерғали Бижақанұлынан оразаға санаулы күндер қалғанда ауыз бекітуге қалай дайындалу керектігін сұрап, рамазан айы жақындағанда ауыз бекітуге қалай дайындалған жөн екенін білді.

Е. Б: Ең әуелі «Рамазан айына аман есен жетуіді нәсіп ет» деп Алладан дұға ету керек, оразада маңызды болған ниетті түзеу керек, яғни «Алланың разылығы үшін ораза тұтамын» деп разылықты парыз қылған Алладан іздеуге тырысу қажет. Себебі кейбір кісілер арықтау, өзін ораза екенін елге айту сынды ниетте болғаны оразаға нұқсан келтіреді. Денсаулығында кінәраттар болса емделіп алғаны жөн.

Оразаға қатысты үкімдерді оқып шығып, қай кезде ораза бұзылады, қай кезде бұзылмайды, бір сыпыра оқып шыққан жөн. Құран оқып үйренуі қажет. Рамазан айында қандай ізгі амалдар арқылы сауабымды арттырамын деген сұраққа жауап ретінде ізгі амалдар жасау бойынша жоспар құрып дайындалғаны дұрыс.

Оразаға ниет еткенде қандай дұғалар оқыған дұрыс?

Е. Б: Оразада ниет ету міндетті. Сәреде осы дұғаны оқыңыз.

Оқылуы: «Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә».

Мағынасы: «Таңертеннен кешке дейін Алланың ризалығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім».

Оқи отырыңыз: Биылғы Ораза кестесі жарияланды

Бой дәретсiз ауыз бекiтуге бола ма? 

Е. Б: Жалпы ғұсылды бұзатын жағдайдан кейін шомылу әрбір мұсылманға міндет. Ғұсылсыз ниет етіп ауыз бекітсеңіз сол күнгі оразаңыз дұрыс саналады. Ауыз бекіткеннен кейін ғұсыл алсаңыз болады. Сәре ішуден алдында уақыт болып жатса ғұсыл алып ауыз бекіткен жақсы.

Ауыз бекіткенде әлсіреп қалмас үшін оразаның алдында бірнеше күн тойып тамақтанып жүретіндер бар. Бұл қаншалықты дұрыс? Және ораза ұстардың алдында ас мәзірі қандай болғаны жөн?

Е. Б: Шариғат бойынша тойып ішпей асқазанды үшке бөліп ішуге кеңес береді, хадисте келгендей үштен бірі тамаққа, үштен бірі суға, келесі үштен бірі ауаға. Ас мәзірі барынша денсаулыққа пайдалы зиянсыз тамақтар тұтынғаны жөн. 

Спиртті ішімдік ішкеннен кейін ертесінде ауыз бекітуге бола ма? Немесе оразаға санаулы күн қалғанда ішімдік ішкен адамның оразасы қабыл бола ма?

Е. Б: Шарапты ішу – харам, үлкен күнә. Ол жайында Алла Тағала Құранда: 

«Уа, иман келтіргендер! Ақиқатында, арақ, құмар ойындары, пұттар және (бал ашуға тігілетін) жебелер – шайтанның лас істерінен. Одан аулақ болыңдар, бәлкім, мұратқа жетерсіңдер!» , – дейді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

«Кімде-кім арақ ішетін болса, оның қырық күндік намазы қабыл болмайды» , – деді. 


Тағы бір хадисте: «Кім арақ ішсе, оның қырық күндік намазы қабыл болмайды. Егер тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етеді. Одан кейін тағы да арақ ішсе, Алла оның қырық күн намазын қабыл етпейді. Егер тәубе етсе, Алла тәубесін қабыл етеді. Бұдан кейін тағы арақ ішсе, Алла оның тағы да қырық күндік намазын қабылдамайды. Бұл ісіне тәубе етсе, тәубесі қабыл етіледі. Ал төртінші рет тағы да арақ ішсе, Алла оның қырық күндік намазын қабыл етпейді. Егер тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етпейді де оны «хабәл» (тозақтықтардың іріңінен жиналған) өзенінен сусындандырады»  делінген. 


Имам Науауи хадистегі «намазы қабыл болмайды» деген сөзді парызы мойнынан түседі, бірақ сауабы жоғалады деп түсіндірген . 

Демек намаздың сауабы жоғалуы тәубе етпей, арақ ішуді доғармауына байланысты. Егер шынайы тәубе етсе, бұл жаза (намаздың сауабы жоғалуы) да оның мойнынан түсіріледі. Өйткені шынайы тәубе алдыңғы істеген күнә істі жояды.  
Осыған орай ораза ұстаушы рамазан айынан екі күн бұрын арақ ішіп, соңынан шынайы тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етеді. Оның оразасы арақ ішпей ораза тұтқан адамның оразасындай болады. Ал ораза ұстап арақ ішуін доғармаса, оразасы дұрыс болады, бірақ сауабы болмайды. Арақ ішкені үшін күнә арқалайды.   

Ораза ұстауға ниет еткен адам донорлыққа қан тапсыра ала ма?

Е. Б: Донорлық мақсатта және талдау (анализ) үшін немесе ауру себебінен қан алдыру оразаны бұзбайды. Себебі Ибн Аббас (Алла ол кісіге разы болсын):

«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза бола тұра хижәмә жасатқан еді» , – деген. 


Дегенмен аузы берік адам қан алдырғанда әлсіреп, ораза тұтуы қиындап кететініне көзі жететін болса, оған қан алдыру – «мәкрүһ». «Әл-Фәтауа әт-Татархания» кітабында: «Егер қан алдырумен әлсіреп қалуынан қорықпаса, ораза кезінде қан алдырудың оқасы жоқ. Ал әлсіреп қалуынан қорықса, ораза кезінде қан алдыру мәкруһ болады»  делінген.

Ораза ұстау туралы шешімді аяқ астынан қабылдау, алдын ала ниет етпеу қаншалықты қате? 

Е. Б: Рамазан айына алдын ала дайындалғаны денсаулығын тексеріп алуына, айды сауапты амалдар жасауға жоспарлау жағынан тиімдірек болады. Дегенмен Рамазан кіргенде бірден Алланың разылығы үшін ниет етіп, таңның атысынан кешке дейін өзін ішіп жеуден, төсек қатынасынан тыйса тұтқан оразасы дұрыс саналады. Рамазан айының әр күні өз алдына жеке құлшылық болғандықтан әр күнге жеке-жеке ниет ету қажеттілігін еске саламын. 

Егер биыл ауыз бекітуге ниет еткен адам өткен оразадан қалған қарызын ұмытып кетсе, ол оразадан кейін өтей ала ма?

Е. Б: Рамазан айы кіргенде сол кірген парыз оразаны ұстау керек болады. Ал өткен жылғы қарыз оразаларды ораза айт мерекесінен кейін бастап ұстауына    болады.


Сұхбаттасқан:

Балжан Жеңісқызы


Оқи отырыңыз: Оқушылардың ораза ұстауына қатысты вице-министрдің пікірі қандай?