Фото: Артур Нығметтің кітабынан алынды
Жас қазақ журналист-зерттеушісі Артур Нығметтің кітабы 1991 жылғы Орал оқиғаларының белгісіз беттерін ашады. Ол кезде «Орал казактарының ресейлік таққа қызмет етуінің 400 жылдығын» атап өту сылтауымен сепаратистік казак республикасын құру жариялануы, ал Орал мен Гурьев облыстарының бір бөлігін бөліп алу мақсатында Қазақстанға әскер кіргізілу қаупі туындаған еді. Бұл дағдарыс 1991 жылы Мәскеуде болған Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитеттің (ТЖМК) бүлігі мен сол жылдың желтоқсанында КСРО таралуы аралығындағы қысқа мерзімде болған еді. Бірақ Оралдағы казактар мен қазақ белсенділерінің ымырасыз қарсыластығы, казактардың мерейтойлық шарасының өтпеу тарихы басқа да бірнеше себептермен айтылмай келді.
Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.
КІРІСПЕ
1991 жылдың қыркүйегінде Қазақстанның батыс аймағындағы Ресеймен шекаралас Орал облысы орталығында «Орал казактарының ресейлік таққа қызмет еткеніне 400 жыл» толуын атап өту деген желеумен тойланған мейрам қарсаңында жүздеген казак пен мыңдаған қазақ ұлтшылдары және жақтастары арасында текетірес болды. Орал казактары жетекшілерінің бірнеше мәрте жасаған үндеулерінен кейін Орал облысының бір бөлігін Ресейге қарату мақсатында әрекет жасалды. Жаңа тарихқа бұл оқиға «1991 жылғы Орал оқиғалары» деген атаумен жазылды.
Өткен екі жыл бойы, яғни 1990 және 1991 жылдары, негізінен казактарды қолдайтын депутаттардан құралған жергілікті Орал қалалық депутаттар кеңесі қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болуына қарсы шығып, жағдайды одан әрі шиеленістіріп отырған болатын. Бұл облыстық биліктің де, жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ ұлттық демократиялық қозғалыстың да қарсылығын тудырды. Өңірдегі казак газеттері «Орал казак қауымдастығына қарасты жерлерді» Ресейге қосу, тіпті мұнай мен газға бай Батыс Қазақстанды тұтас бөліп алу туралы ашық жаза бастады. Қазақстанның тәуелсіздігін елемеудің дәл осындай көріністерін кеңестік Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен (МҚК) қолдау тапқан өзге де казак қауымдастығының белсенділері таныта бастады.
Бұл еңбекте біз «Орал казактарының ресейлік таққа қызмет еткеніне 400 жыл» толуын атап өту кезіндегі кеңестік МҚК бастауымен Орал казак автономиялық республикасын жариялау жоспарланғаны, ал шекарада кеңестік танк полкісі басып кіруге дайын тұрғаны жайлы тың деректерді жазамыз. Алайда бұл жоспарға облыстық халық депутаттары кеңесінің төрағасы Нәжімеден Есқалиев бастаған Орал облысы басшылығы, «Азат» қазақ ұлттық қозғалысының белсенділері мен елдің барлық аймағынан келген қарапайым азаматтар тосқауыл болды. Сол күндері Оралға Ресеймен көршілес жатқан облыстарынан әскери мундир киген жүздеген казактар келіп, қала ортасында қоқан-лоқы көрсете отырып бұрын-соңды болмаған шерумен жүріп өтеді, қолдарындағы ресейлік үш түсті ту колонналардан желбіреп тұрған еді.
Жағдай өте қиын еді, тіпті құрдымға кетуге шақ қалды деуге болады. Шеруге шыққан казактар мен наразы қазақтар арасында қанды қақтығыс бастала кетсе, бұл Кеңес Одағы күйремей тұрып облысты Ресейге қосып алуға үлгеру мақсатында Орал облысына әскер кіргізуге таптырмас мүмкіндік болар еді. Алматыдағы орталық басшы органдардың әрекетсіз отырғанына қарамастан, Орал облыстық басшылығы қауіпті ахуалды жіті бақылауда ұстай алды. Казактардың соңғы жиыны зауыттың клубында өткелі жатқанда қазақтардың талабымен тоқтатылып, жүздеген казак делегаттары артқы есіктен шығарылып, автобуспен келген жағына кері аттандырылады.
Бұл кітаптың ерекшелігі сол, бұл жерде сол кездегі шеруші екі тараптың көзқарастары толық жинақталып берілгені. Бүгінгі күнде Орал оқиғасы жайлы жазылған мемуарлық жанрдағы 4-5 қана кітап бар, алайда ол еңбектердің авторы не қазақ ұлтшылы, немесе казактардың жақтаушысы болғандықтан сәйкесінше орын алған оқиғалар түрлі сипатқа ие болып, әртүрлі көзқараста жазылған.
Қолыңыздағы кітапқа деректер жинақтау мен текетіреске қатысушылармен болған сұхбат барысында сол кездегі КСРО-ның Приволжье-Орал әскери округінің қолбасшысы, генерал Альберт Макашовтың армиясы танкілермен Ресейдің Самара облысының шекарасында Оралға басып кіруге дайын тұрғанын бірнеше жылдан соң мойындағаны жайлы ақпаратқа қол жеткіздік. Тек Орал облысы басшылығының салқынқандылығы мен сауатты басқаруының, облыс тұрғындары мен елдің барлық аймақтарынан келген қазақ патриоттарының зерделілігі мен төзімділігі сепаратизмге, Қазақстан аймағының бір бөлігін аннексиялауға жол бермеді.
1991 жылғы Орал оқиғалары қазақ қоғамының азаматтық тұрғыдан есейгенін, өскенін де көрсетті. Олар казак отрядтары мен олардың Мәскеудегі иелеріне сыртқы қауіппен бетпе-бет келіп, жұдырықтай жұмыла өз Отанының егемендігін қорғай алатынын және тәуелсіз мемлекет құра алатынын көрсетті.
1 ТАРАУ. ОРАЛДАҒЫ КАЗАК ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ
ҚАЙТА ЖАНДАНУЫ
Орал – Орал (Пугачев көтерілісіне дейінгі ежелгі ономастикалық атауы – Жайық) өзенінің еуропа бөлігі деп аталып кеткен оң жақ жағалауында орналасқан көне шаһар. Кеңес Одағы ыдырар тұста Орал қаласы қазақ-орыс шекарасында жатқан қарапайым қаланың бірі болды. Халқының саны шамамен 250 мыңдай болса, оның 150 мыңы орыстар. 1989 жылғы халық санағындағы дерекке сәйкес, Оралдағы қазақтар саны қала тұрғындарының 23 пайызын құрады және олардың саны жыл сайын арта түсті. Тұтас қалада, облыс орталығында бір ғана қазақ мектебі жұмыс істеді.
Сәл-пәл шаң басқан қала көшелерінде әлі күнге дейін казактардың оюлы ысырмасы бар ағаштан соғылған үйлері тұр. Олар шілтір перде мен түрлі-түсті бояудың артынан әлемге көз тастап тұрғандай әсер береді. Анықтап қарар болсаңыз, сол ағаш қақпалардан ат байлайтын темір шығыршықтардың әлі тұрғанын көресіз. Аттан түскен казак үзеңгіні шығыршыққа байлап, қамшыны қонышына сұға салып үйіне кіріп кетеді. Қарап тұрсаң, бейне бір қазір бір атты казак сарбазы немесе үйдің иесі келетіндей.
Қазақтың Теке дейтін көне қаласының орнына тұрғызылған Орал қаласы өзінің 400 жыл бойғы бодандық тарихында орыс архитектурасына бейімделіп өзгертілді. 1991 жылға қарай қалада тарихи ескі шіркеулердің алтын күмбездері, большевиктік тазарту кезінен аман қалған 1-2 мешіт мұнаралары асқақтап тұрды. Кең көшелерге салынған үлкен қақпалы казак үйлері мен қызыл кірпіштен салынған, үлкен терезелі әрі екі қабатты көне көпестік ғимараттар «хрущевка» мен «сталиндік» сәулеттегі үйлерден де басым еді.
Мектепте «кең байтақ мызғымайтын ел» деп әнге қосылған Кеңес Одағы ХХ ғасырдың 90-шы жылдары өз тарихының соңғы кезеңінде еді. Елде тәртіпсіздік пен былық белең ала бастады. Кеңес Одағының соңғы лидері Михаил Горбачев жартылай қадам, жарым-жарты шара және қарама-қайшы реформалармен елді құтқаруға тырысса да, бүкіл кеңестік экономика күйреуге таяды. 1990 жылы Балтық елдері өз тәуелсіздігін жариялады, ал келесі жылы олар Мәскеудің қарсылығына тойтарыс бере отырып, егемендігін қайта қалпына келтірді. Кеңес Одағы ыдырай бастады, барлық жерде ұлттық сарындағы демократиялық қозғалыстар көбейді. Жағдайды өз бақылауында ұстап қалуға тырысқан Кремль, дереу казактардың қауымдастығын жандандырды.
Елде жаппай белең алған экономикалық дағдарыс Қазақстанның батысындағы Ресейдің бес облысымен шекаралас жатқан Орал облысын да айналып өткен жоқ. Облыс өндірісінің көшбасшысына айналған әскери зауыттарда жағдай ауыр еді. Бұл зауыттарда негізінен славян ұлты өкілдерінен тұратын бірнеше мың адам жұмыс істейтін. Мемлекеттік тапсырыстар тоқтады, ал басқа тапсырыстар ол кезде атымен жоқ болған. Осылайша зауыттардың жұмысы тоқтады, ал облыс басшылығы олардың жұмыс бағытын өзгертуге, тұрмыстық өнімдер шығаруға бағыттауға тырысып, жедел әрекетке көшіп жатты. Күнделікті қажетті тауарлар мен азық-түлік жетіспеушілігіне, жаппай жұмыссыздық пен қылмыстың көбеюіне байланысты қарапайым тұрғындардың өмірі қиындай түсті. Қайта жанданған казак қауымдастығы жетекшілері оралдық жұмысшылардың наразылығын пайдалануға ұмтылды, олар жергілікті славян ұлтынан болған жұмысшыларды жүздеп, мыңдап казактар қатарына жаза бастады.
Қоғамның басты біріктіруші күші, Кеңес Одағының коммунистік партиясы (КОКП) елдегі ахуалды өз уысынан шығарып алды, партияның билеуші топтары оның экономикалық, қаржылық қазынасын талан-таражға салса, кеңестік арнайы қызметі республикалардағы ұлттық қозғалыстардың артуына қарсы ұйымдар құра бастады. Көптеген кеңестік ұлттық аймақтарда өздерінің ұлттық тілінің мемлекеттік мәртебесін қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп, орыс тіліне екінші тіл, яғни «ұлтаралық қатынас тілі» мәртебесі беріліп жатты. Бір қатар кеңестік республикаларда орыстану деңгейі жоғары еді, бұл аймақтардағы орыстың этникалық қауымдастықтары осы кезеңде өздерін жайсыз сезіне бастады. Ал Мәскеудегі арнайы қызмет пен экстремистік бағыттағы орыс ұлттық ұйымдары бұл ахуалды оңтайлы пайдаланып қалуға тырысып бақты.
Оңшыл көзқарастағы орыс жазушысы А.Солженицынның әйгілі бағдарламалық мақаласы отқа май құя түсті. Сол кезде АҚШ-та эммиграцияда болған әлемге әйгілі жазушы Кеңес Одағының сөзсіз тарайтынын айтып, Балтық жағалауы, Кавказ және Орта Азия республикаларын «бейнеттен арылу» үшін өз еріктеріне жіберу керек деді. Солженицын Украина мен Белорусия дербестігін мойындамады, ал Ресейдің өзіне қатысты сыннан өткізілген демократиялық ерекше басқарылу формасы туралы айтты. 1990 жылдың 18 қыркүйегінде «Комсомольская правда» газетінде жеке қосымша түрінде басылып шыққан Солженицынның мақаласы, әсіресе Қазақстанда әжептеуір наразылық тудырды.
Кезінде өзі Қазақстандағы Гулагтік қара жұмыс қызметінде болған Солженицын қазақ еліне Лениннің қайырымдылығымен кездейсоқ құрылған және аумағы қате белгіленген, қалыптаспаған мемлекет деп империялық пиғылдағы анықтама берді. Оның айтуынша, Қазақстан «оңтүстік Сібірден, оңтүстік Орал аймағынан айдалған халықтар мен тұтқындар мекені, олардың ортада бос жатқан жерлерін орыстар қайта дамытқан, өзгерткен. Бүгінде осылай үлкейтілген Қазақстанда қазақтар негізгі халықтың жартысынан едәуір аз. Олардың негізгі атамекені – шеткі шығыстан батысқа қарай Каспийге дейінгі, тұрғындардың басым бөлігін қазақтар құрайтын облыстың үлкен оңтүстік доғасы. Егер аймақтан бастап бөлінеміз десе, жолдары болсын, Құдай жарылқасын». Ресей президенті Владимир Путин де Украинаға қарсы соғыс қимылдары басталмастан бұрын бірнеше рет осылай Солженицын секілді пікір айтқан еді. Оның сөзінше, Ленин кеңес республикаларының шекарасын өз бетімен белгілеген, осы «кездейсоқ сыйға берілген жерлерді» Ресейге қайтаратын уақыт келді деген сарындағы Ресей президентінің бұл пікірін қазақстандық қоғам өте ауыр қабылдады.
Оралдағы, жалпы Қазақстандағы казактардың бірінші қауымдастығы 1990 жылы қайта қалпына келтірілді. 1990 жылдың 24 ақпанында Орал қалалық тарихи-мәдени казак қауымдастығының (ОҚТМКҚ) конференциясы өтті. Одан соң екі жыл бойына казак ұйымдарында қайта құрулар, жаңадан топтасулар болып, сепаратистік ұрандар күшейе бастады. Қайта жанданған Орал казактары жағында қаланың заңнамалық органы болды және бұл қаладағы қалыптасқан саяси ахуалдың үлкен ерекшелігі еді. Болат Молдашев басшылық еткен Орал қалалық халық депутаттарының кеңесі негізінен өндірістік кәсіпорын басшыларынан құралған, ал ол кәсіпорындарда мыңдаған славян ұлты өкілдері жұмыс істеді. Оралдың мыңдаған қарапайым тұрғындары қайта құрылған казак ұйымдарының қызметіне қолдау білдірді.
Қалалық кеңес Нәжімеден Есқалиев басшылық жасаған Орал облыстық халық депутаттарының кеңесіне жиі қарсы шығып отырды. Орал облыстық кеңесі қазіргі облыстық мәслихат секілді еді, оның құрамында дәстүрге сай қазақтар тығыз орналасқан облыстың ауылшаруашылық аудандарындағы кәсіпорын басшылары көп болды.
1990 жылдың жазында Орал қалалық халық депутаттарының кеңесі қала аймағында екі мемлекеттік тілдің: Қазақ КСР-і мемлекеттік тілі ретінде қазақ тілінің және КСРО-ның жалпы мемлекеттік тілі ретінде орыс тілінің болуын талап ететін қаулы қабылдады. Оралдағы қарама-қарсылыққа әкелген басты шиеленіс Орал қалалық кеңесінің атқарушы комитеті 1991 жылғы 28 мамырдағы қаулысымен казактарға 1991 жылдың 13-15 қыркүйегінде «Орал казактарының Отанға қызмет етуінің 400 жылдығын» мерекелеуге рұқсат беруімен басталды. Орал казактарының қайта жандануы хронологиясындағы осы жолдарға назар аударайық.
Сол уақытта Ресейдегі казак атамандары Орал, Елек өзендері аймағы мен Солтүстік Кавказды тұтас өз ықпалындағы аймақ деп жариялаған еді. Орал облысы аймағында тікелей Мәскеуге қарайтын казак автономиясын құру идеясы казактарға ғана емес, көптеген қарапайым тұрғындарға да ұнағандай болып көрінді. Мыңдаған тұрғындар Мәскеуге жеткізілген казактар петициясына қол қойды.
1991 жылы «Зенит» (1991 жылға дейін Климент Ворошилов атындағы зауыт), «Омега», «Металлист», «Коммунзапчасть», «Гидроприбор» зауыттарында жаз бойы казактарға қолдау білдірілген қарқынды жиындар өтті. Облыс басшысы Н.Есқалиев бұл жиындарға қатысып, оларды қалыпты жұмысты жалғастыруға, жағдайды ушықтырмауға шақырды.
Орал оқиғалары бойынша Президенттік комиссия қорытындысында облыста теріс ахуалдың қалыптасуына казак газеттерінің үлкен үлесі болғаны аталды. Комиссия көпшілік санасына казактардың өмір салты мен мәдени дамуының «ерекшеліктері», олардың «дінге, патша мен Отанға» жасаған бұрынғы «ерліктері» туралы ойлар жазылғанын мәлімдеді. Орал аймағы Ресейдің бөлінбес бір бөлігі, өйткені тарихи тұрғыдан казактар тек Ресей империясын ғана өз Отаны ретінде санағаны туралы тезистер таратылды. Ресейде шығатын «Казачий вестник», «Станица» газеттері жаңа нөмірі шыққан сайын Орал казактарын жергілікті билікке бағынбауға, Орал облысын бөліп алуға шақырып, арандатып отырды. Орал казактарының жетекшілері Виктор Водолазов пен Александр Качалин «400 жылдықты» өткізу жоспарына облыс билігі кедергі жасайтын болса, қан төгілуі ықтимал деген ойларын ашық айта бастады.
Осы жерден жаулап алынған өзге халықтардың аймағы арқылы «Ресейді қалпына келтіру» сипатындағы солженицындық жоспармен байланысын байқауға болады. Орал өңірінде казактардың «басымдық» идеясын енгізу, қарапайым тілмен айтқанда үрдіске айналды. Оралдың өзінде казактар батырлығы мен романтизациясы мейлінше қанат жайды, казак қауымдастығының рухани жетекшілерінің бірі жазушы Николай Корсунов болды.
Осы кітап авторымен сұхбат құрған Орал облысының бұрынғы басшысы Нәжімеден Есқалиев мәселені былайша қойған болатын:
«18-19 ғасырда және 20 ғасырдың басында казак шапқыншылығының бар сұмдығын бастан өткізген біздерді, қазақтарды, бұл жағдайда не күтіп тұрған еді? Бұл кезде қол қусырып қарап отыру қылмыспен тең болды, бірақ бізде қарсы тұратын ресурстар жоқ еді. Бірнеше рет Алматымен хабарластым, алайда ол жақ үнсіз жатты».
Шиеленіске толы 1991 жылдың басында Есқалиев Коммунистік партияның Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымы мен Орал облыстық халық депутаттарының кеңесі төрағасының қызметін қоса атқарды. Мәскеудегі ТЖМК-ның сәтсіз бүлігі мен КОКП-ның саяси банкротқа ұшыруынан кейін 1991 жылдың тамыз айының аяғында Қазақстанның коммунистік партиясы өзін-өзі тарату туралы хабарлайды. Сол жылдың қыркүйек айынан бастап Есқалиев аймақты Орал облыстық халық депутаттарының кеңесі төрағасы ретінде ғана басқарды. Сол қиын сәтте ол қасындағы аз ғана көмекшілерімен және жергілікті күштік құрылым басшыларымен бірге жағдайды бақылауда ұстай алды. Ол кезде жергілікті билік екі жақтың: казак басшыларының және «Азат» қазақ ұлттық қозғалысы белсенділерінің қысымында қалған еді. Мәскеудің Орал облысы шекарасында алдымен Оралға, ал кейін мұнайға бай көрші Гурьев облысына басып кіруге, танкімен марш-шабуылға жасақ дайындап қойғанының барлық детальдарын қазақ белсенділерінің білуі мүмкін емес еді. Ол кезде бұл ақпарат құпия болды.
Нәжімеден Есқалиевтың командасы Алматыдағы биліктің сын сағатта бой тасалайтынын казактар мен қазақтардың текетіресінен бір ай бұрын 1991 жылдың тамызындағы ТЖМК бүлігі кезінде-ақ көрген еді. Сол 1991 жылдың тамыз айында одақтас республикалардың жергілікті билік органдары мен обком партиялары Мәскеудің тікелей басқаруына көшетіні туралы Мәскеуден шифровкалар келіп жатты. Оралдағы әскери зауыттардың кейбір басшыларынан тұрақсыздық байқалса, қалалық билік ТЖМК жағына шықты, бірақ Орал облысы басшылығы мен күштік құрылым басшылары тек Алматыға, Қазақ КСР президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа бағынатыны туралы нық шешімге келді.
Ол кезде Кеңес Одағы әлі тараған жоқ еді, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (МҚК) мен армия, милиция Кеңес Одағы басшылығына қарайтын, ал республикалық органдар Мәскеу алдында дәрменсіз болды. Осының өзі Нәжімеден Есқалиев командасына ауыр мәселе болды. Бұл арада 1989 жылы құрылған Приволжск-Орал әскери округінің экстерриториялық ерекшелігі назар аудартады. Әскери округ Ресейдің бірнеше облыстары мен автономиялық округтерін қамтыды және аймағына байқаусызда Қазақ КСР-інің Орал облысын да қосқандай болып көрінетін. Округ басшылығы Куйбышев қаласында болды және округ басшылары жергілікті билікке көнбеген сыңаймен Оралға емін-еркін келіп-кетіп жүрді.
1991 жылдың екінші жартысында одақтық орталық биліктің жазалау қуаты мен мүмкіндігі әлі де күшінде болатын. Орал облыстық халық депутаттарының кеңесі казактардың сепаратистік әрекеттеріне мүмкіндігінше қарсы тұрды. ТЖМК бүлігінің сәтсіздігінен кейін одақтық билік айтарлықтай әлсіреп қалды, басқа республикалар тәуелсіздіктерін жариялап жатты, ал Қазақстан басшылығы әлденені күтті, нені күткені де белгісіз, әйтеуір ағысына сай Мәскеуге қарайлап тұрды.
Бірақ сол қиын-қыстау 1990 жыл мен 1991 жылдың қыркүйек оқиғаларына дейінгі кезеңінде Нәжімеден Есқалиев пен оның қолдаушылары жақын арада Кеңес Одағы мүлдем өмір сүруін тоқтатады деп ойлаған да жоқ. Оларды қазақ ұлттық қозғалысы белсенділері мен кейбір еңбек ұжымдарының белсенді қатысуымен Орал облысы аннексиясын болдырмауға дейінгі екі жылға созылған күрес жолын жүріп өту күтіп тұрды. Жанжалды шешу жолы ол кезде әлі ұзақ әрі тылсым, белгісіз болатын. Барлық жағдай кенеттен орын алды. Өз тәуелсіздігінің табалдырығын аттағалы тұрған Қазақстан тарихында осындай немесе осыған ұқсас оқиға болмаған еді.
Жалғасы бар...
Артур НЫҒМЕТ
