12 жел, 2025 сағат 10:41

Көне парсы деректері: XVIII–XIX ғасырдағы қазақ тарихына қатысты жаңа мәліметтер жарияланды

Фото: Ақорда

Иран архивінен табылған қазаққа қатысты көне қолжазбалар алғаш рет көпшілікке көрсетілді, деп хабарлайды Ult.kz.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иран Президенті Масуд Пезешкиан Иран Сыртқы істер министрлігінің мұрағатында сақталған қазақ тарихына қатысты бірегей құжаттар көрмесін тамашалады. Көрмеде XVIII–XIX ғасырларда қазақ даласында болған қоғамдық-саяси оқиғаларды сипаттайтын 27 көне қолжазбаның көшірмесі қойылды.

Бұл жәдігерлер — екі халық арасындағы терең тарихи байланыстың тағы бір дәлелі. Бұған дейін ғылыми айналымда болмаған бірқатар дерек алғаш рет жарияланып отыр.

Мемлекет басшысы құнды материалдар үшін ирандық тарапқа ризашылығын білдірді.

– Бұл – аса құнды сыйлық. Бұл көрмені қазақ жұртшылығына міндетті түрде көрсетеміз, БАҚ арқылы кеңінен таныстырамыз. Ішінде бұрын белгісіз болған деректер бар екен. Халқымыз үшін өте пайдалы болады деп ойлаймын, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.