Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік соты Абай полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығына қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі қарады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО сотының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, аталған полиция қызметкері 13 маусымда түнгі сағат 03.00 шамасында «Фольксваген Пассат» автокөлігін айдап келе жатып, «Ауди А4» көлігімен соқтығысуға жол берген.
Анықталғанындай, ол көлікті мас күйде жүргізген. Полиция қызметкері өз кінәсін сотта мойындады.
ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 608-бабы 3-бөлігіне сәйкес көлік құралдарын бүлдіруге әкеп соққан жүргізушінің мас күйінде автокөлік айдауы 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және 7 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыруға жазаланады. Алайда полиция қызметкері қамауға алудан босатылды. Өйткені бұл шараны Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 32-бабы 2-бөлігіне сәйкес құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қолдануға болмайды.
Дегенмен полиция қызметкеріне тәртіптік жаза төніп тұр. Іс материалдары шешім қабылдау үшін Батыс Қазақстан облысының полиция департаментіне жолданды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс 21 маусымда сот өндірісіне келіп түсті және сол күні қаралды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.