17 қыр, 2022 сағат 19:24

Оралда ер адам футбол матчында қайтыс болды

©Pixabay / Andy03

Орал қаласындағы "Ақжайық" стадионында қайғылы жағдай болды. Футбол ойнап жүрген ер адам есінен танып, көп ұзамай, қайтыс болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі "Мой город" порталына сілтеме жасап.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жеңіс Нығметуллиннің айтуынша, стадионда 50 жастан асқан футбол ардагерлері арасындағы спартакиада өткен. Алаңда Қызылорда мен Түркістан облыстарынан келген командалар ойнады. Сағат 12:00-дің шамасында бір ойыншы есінен танып қалды.

"Қызылорда облысынан келген ойыншының жағдайы күрт нашарлап кетті. Ер адам есінен танып, құлап қалды. Оған алғашқы медициналық қызмет көрсетілді. Алайда, өкінішке қарай, ол қайтыс болды. Жүрегі сыр берген сияқты", - дейді Нығметуллин.

Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұсынған мәліметке сәйкес, жедел жәрдем станциясына сағат 11:54-те хабар түскен. Дәрігерлер оқиға орнына барғанда, ер адам қайтыс болған.

Марқұм 59 жаста еді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сол кезде өлімнің нақты себебі анықталады.