Оралда дәріханаларда жоқ дәрілерді заңсыз сатқан тұрғын жауапқа тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Саметтің брифингіде мәлім етуінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес карантин кезінде өңірде фармацевтикалық қызметтің дұрыс жүзеге асырырылуын қамтамасыз ету мақсатында арнайы мониторингтік топтар жұмыс істеуде.
Аталған топтар қала мен аудандарда күні бүгінге дейін 300-ден астам дәріханаға мониторинг жүргізді.
Іс-шаралар барысында заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, 14 шілде күні департаментке карантин кезінде бір азаматтың Орал қаласының дәріханаларында жоқ дәрі-дәрмекті (ингавирин, цефтриаксон, азитримицин) заңсыз сатып жүргені туралы арыз түсті.
Сол күні өтініш берушінің қатысуымен аталған тұрғыннан 5 қорап ингавирин, 5 қорап азитримицин және 38 ампула цефтриаксон сатып алынды. Мұның жалпы құны 66 830 теңгені құрады.
Материал ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 424 және 426-баптарына сәйкес БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданды.
«Аталған азаматқа қатысты екі әкімшілік хаттама толтырылған болатын. Соның нәтижесінде дәрі-дәрмекті лицензиясыз сатқаны үшін оған сот шешімімен айыппұл салынды. Ал тіркелмеген дәрі-дәрмекті сату дерегі бойынша іс сотта қаралуда», - деді Н.Самет.
Оның сөзіне қарағанда, сонымен қатар Президенттің «СҚ-Фармация» ЖШС қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің болуына талдау жасау туралы тапсырмасына сәйкес COVID-19 әлемдік пандемиясы кезінде Қазақстанға келетін барлық гуманитарлық көмектің соңғы тұтынушыға дейін жетуі бақылануда.
Қазіргі таңда Катардан, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан, Қытайдан, Ресей мен Өзбекстаннан гуманитарлық көмек келіп жетті. Соның ішінде «Коронавир» дәрісі және жеке қорғаныс құралдары бар. Алыпсатарлық деректерін болдырмау мақсатында әр дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс құралдары арнайы «БҚО Гуманитарлық көмек Тегін» мөртаңбасымен таңбаланды.
«Бұл гуманитарлық көмектер БҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, «Халықтық бақылау» комитеті, қоғам өкілдері мен еріктілердің қатысуымен облыстық, қалалық және аудандық ауруханаларға, провизорлық стационарларға жеткізілуде», - деді Нұрдәулет Самет.