27 сәу, 2023 сағат 19:49

Оралда баласын қоқысқа тастаған әйелге қатысты тың дерек шықты

Фото: © AFP 2023 / MARIA ANTONOVA /

Орал қаласында баласын қоқыс жәшігіне тастаған әйелдің материалдық жағдайы төмен болған. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы "Ана үйі" қоғамдық қорының үйлестірушісі Зәмзәгүл Шканова айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Нәрестесін тастаған ананың үш баласы бар. Үшеуі де мектеп жасына толмаған. Үшінші сәбиіне жүкті кезінде "Ана үйінің" мамандары көмек көрсеткен.

"Біздің ешкімді кінәлауға хақымыз жоқ. Таяқтың екі ұшы бар, әйелдің жағдайын да ойлау керек. Не үшін осындай дәрежеге жетті? Үшінші баласына аяғы ауыр болған кезде көмектесейікші деп шештім. Ол кезде бізге бұл кісінің сол кездегі жағдайын айтып, еріктілер хабарласқан болатын. Сол кезде материалдық жағдайы дұрыс болмаған, күйеуімен, енесімен келісе алмай жүрген. Біз психологиялық көмек көрсеттік", - дейді "Ана үйінің" үйлестірушісі Зәмзәгүл Шканова.

"Ана үйі" мамандарының айтуынша, әйелдің денсаулығы да дұрыс емес. Ал күйеуі дін жолындағы адам.

"Ол кішкентайынан мейірімге зәру болып өскен адам. Қазіргі күні өзінің әке-шешесімен пәтер жалдап тұрады. Кішкентай баласының жасы небәрі 1,5 жаста. Ол баласынан бас тартатын ана емес, баласы үшін жанын беретін адам. Ешкімнен демеу көрмей, жаны қиналған соң амалсыз осы қадамға барды деп ойлаймын. Өйткені талай рет оның мейірімділігін көзімізбен көрдік", - дейді Зәмзәгүл Шканова.

Қоғамдық қор мүшелерінің айтуынша, анаға қолдау керек.

Айта кетері, Батыс Қазақстан облысындағы "Ана үйі" ашылғалы 10 жыл өткен, осы уақытта 250 ана паналап, кейін аяғынан тік тұрып, жақсы өмір сүріп кеткен. Қазіргі күні мұнда 4 ана мен 5 бала тұрып жатыр.

"Негізі бізге меценаттар өте көп көмектеседі. Солардың арқасында талай ана баласымен бірге қалды. Олар осы мекемеге көмектеспесе қалай боларын кім білсін. Міне дәл қазір перзентханадан тағы бір ананы шығарып алайық деп тұрмыз, өйткені жігіті алдап тастап кеткен, қыз бөпесін босанып, ауруханадан соң қайда барарын білмей тұр", - дейді "Ана үйінің" үйлестірушісі.

Зәмзәгүл Шканова ер адамдар жауапкершіліктен сытылып кетеді, жауапсыз әкелерге қатысты заңды күшейту керек дейді.