Оралда 2 миллион долларға салынған мұз алаңы жарамсыз болып шықты, - деп хабарлайды Elitar.kz.
Осының кесірінен жергілікті спортшылар жасанды мұз айдынын толық пайдалана алмаған. Өйткені күн жылынса да, алаңның мұзын ерітпей, қатырып тұратын тоңазытқыштың кабелі жіңішке болып шығыпты. Кезінде осы жасанды мұз алаңын 2 миллион долларға салып берген мердігер неге екені белгісіз, жіңішке кабель жүргізген. Ал алып тоңазытқыштағы жоғары кернеуді мұндай әлсіз кабель көтере алмайды. Осының салдарынан мұз алаңын қатыратын үш тоңазытқышты қатар қосқан кезде кабель токты көтере алмай жарылып кеткен.
Спорт саласы шенеуніктерінің ескертуінен кейін мердігер қатесін түзетуге тырысқан. Бір қызығы, бұрынғы желінің орнына дәл сондай жіңішке кабельді қайта жүргізіпті. Енді спорт мектебі мақтаулы сырғанақтың мұзын қатыратын тоңазытқыштардың бәрін пайдалана алмай отыр. Өйткені бұл кабель де жарылып, тоңазытқыштарды өртеп жібере ме деп қауіптенеді. Енді шенеуніктер бұл іске кімді кінәлайтынын білмей отыр. Себебі қаржы үнемдеп, жұмыртқадан жүн қырыққан кәсіпкердің өзі 1,5 миллиард теңге бюджет қаржысын жымқырғаны үшін істі болып, түрмеде отыр. Амалы таусылған мамандар кезінде осы қондырғыларды орнатып берген мәскеулік компанияға хат жазып, көмек сұрапты.
- Негізі тоңазытқыштың үшеуі де жұмыс істеп тұр. Кәдімгі кондиционерге фреон құятынындай, бұларға да мұз қатыратын түрлі химиялық қоспа құю керек. Бірақ кабельді іске қосуға шынымызды айтсақ, қауіптеніп отырмыз. Өйткені кезінде мердігер кабельді жаңасына ауыстырдық деді. Бірақ өртенген кабельдің орнына дәл сондай сым жүргізген. Бұл қондырғылардың жоғары кернеуде жұмыс істейтінін ескерсек, жаңа кабельдің жарылғаны аздай, тоңазытқыштың істен шығуы мүмкін. Сондықтан биылғы маусымда тоңазытқыштарды кезек-кезек қосып амалдап шықтық. Мысалы, әуелі біреуін қосамыз. Негізі бір қондырғы ат шаптырым аумақтың мұзын қатыра алмайды. Тоңазытқыш қызған кезде келесісін қосамыз, содан кейін үшіншісін пайдаланамыз. Ал үшеуін қатар қосуға кабель шыдамайды, - дейді БҚО Жоғары спорттық шеберлік мектебінің директоры Асхат Шайхиев.
Шенеуніктер мақтауын асырған жасанды мұз айдынының құрылысына Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ кенішін игеріп жатқан шетелдік компаниялардың инвестиция ретінде құйған 2 миллион доллары жұмсалған. Жоспар бойынша күн 10 градусқа жылынса да, алаңдағы үш тоңазытқыш мұзды ерітпей, қатырып тұруы тиіс еді. Осылайша көктемде де коньки тебеміз деп қуанған оралдықтар мұз айдынының қызығын ақыры көре алмады.