Орал қаласының тұрғыны саяжайында көкнәр өсірген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 14 маусым күні сағат 11.40-та «Вишенка» саяжай қоғамында 35 жастағы ер адам ұсталды.
Оның саяжай учаскесін қарау кезінде 116 бұта көкнәр табылып, тәркіленді. Көкнәрді тұрғынның өсіргені байқалады. 3 дана шелек, құралдар, топыраққа қосатын арнайы зат та шықты.
Сондай-ақ 12 маусым күні сағат 18.00-де Н.Әбдіров көшесінде орналасқан үйдің ауласынан 1963 жылғы тұрғынға тиесілі 14 бұта көкнәр табылды.
Бұталар БҚО бойынша сот сараптамасы институтына жіберілді.
Қазіргі кезде екі оқиға бойынша ҚР ҚК 300-бабы 1-бөлігіне (құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.