Орал қаласының тұрғыны Максим Яковченко әлеуметтік желідегі сепаратистік үндеулері үшін сотталатын болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы.
Белгілі оралдық журналист Лұқпан Ахмедьяров қалалық қылмыстық сот жергілікті тұрғынға қатысты істі қарауға қабылдағанын айтты.
«Оған қылмыстық кодекстің екі бабы – 174 «өшпенділік тудыру» және 180 «сепаратизм» бойынша айып тағылды», - деп жазды ол Facebook-те.
Айта кетейік, сотқа дейінгі тергеу осы жылдың мамыр айында басталған. Оған Яковченконың әлеуметтік желіде Қазақстанның бірқатар қалаларын «Ресейге беру керек» деген пікірі себеп болды.
«Мен бұл туралы сотқа шақыру қағазынан білдім. Куәгер ретінде шақырып жатыр. Сот 10 қазанда басталады», - деп қосты Ахмедьяров.