31 шіл, 2023 сағат 19:56

Орал қаласының тұрғыны 20 мың долларға бүйрегін сатпақ болған

Фото: Polisia.kz

Орал қаласының 33 жастағы тұрғыны шетелге барып, бүйрегін сатпақ болған, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ер адам отаны Кения Республикасында жасату бойынша мәміле жасасқан.

"30 шілдеде БҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Көліктегі ПД ҰҚҚКБ қызметкерлерімен бірлесіп, ІІМ-нің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің үйлестіруімен адам органдарын сату әрекетін тоқтатты" - делінген хабарламада.

Орал қаласының 33 жастағы А. есімді тұрғыны отбасылы азамат екені және вахталық әдіспен жұмыс істейтіні анықталған. Ол ақшалай қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты өзінің бүйрегін сатпақ болған.

Аталған азамат мамыр айында халықаралық интернет-сайтта жарияланған ақшалай сыйақы үшін трансплантацияға арналған бүйректі сату туралы хабарландыруды көрген. Оған Telegram каналы арқылы сайт қызметкерлері байланысқа шыққан. Олар ортақ мәмілеге келу арқылы құны 20 мың АҚШ долларын құрайтын отаны Кения Республикасында жасауға келіскен. А. есімді ер адам 2 ай бойы медициналық орталықтарда тапсырған талдау нәтижелерін Telegram каналы арқылы жіберіп отырған. Сайт қызметкерлері оған жол жүру билеті және электронды виза үшін 250 АҚШ доллары көлемінде ақша жіберген.

"Полиция қызметкерлері аталған азаматты 30 шілдеде Алматы қаласындағы әуежайдың ұшу аймағында ұстады. Тергеу амалдарын жүргізу үшін ер адам Орал қаласына жеткізілді, оған ешқайда кетпеу туралы қолхат берілді.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 116-бабы 1-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр" - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қазақстанда органдарды сатуға тыйым салынады және трансплантация жасаудың жалғыз жолы — пациенттің туысының өтеусіз беруі немесе қайтыс болған адамның органын туыстарының келісімімен алу.