05 қаз, 2023 сағат 18:04

«Операция жасалды» - Ажар Ғиният зорлық көрген балалардың жағдайы туралы

© Photo: СС0 / congerdesign

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Алматы облысында өгей нағашы атасы қорлаған 3 жасар егіз қыз бен Алматы қаласында зорланған 7 жасар оқушының жағдайы туралы айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

"Балалардың жағдайы орташа ауыр. Олар медицина қызметкерлерінің бақылауында. Бұл балаларды қабылдау кезінде біздің медицина қызметкерлері ересектер тарапынан зорлық-зомбылық әрекеттері болғанын анықтады. Қабылдау бөлімінде балалар дер кезінде толық тексеріліп, құқық қорғау органдарына хабарланды. Алған жарақатына қарай балаларға ота жасалды. Бүгінде олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, балалар бақылауда", - деді Ажар Ғиният ОҚК-да өткен брифингте.

Сондай-ақ, оның айтуынша, балаларға психологиялық көмек көрсетіледі. Дәрігерлер жәбірленген балалардың қайсына қандай ота жасады деген сауалға министр жауап бермеді.

"Бұл науқастардың ресми деректері екенін ескере отырып, қандай операция болғанын айта алмаймын. Ағзаларына зақым келгендіктен, дәрігерлер тиісті операцияларды жасады", - деді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Оның айтуынша, балалар алған жарақаттары мен жасалған операциялардың күрделілік дәрежесіне қарай оңалту курсынан өтеді.

"Емдеу курсы, оның ішінде оңалту көмегі әр жағдайда жеке анықталады", - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы халықаралық мектепте 1-сынып оқушысына зорлық-зомбылық жасалғаны хабарланды. Полицияға ұл баланың анасы арызданған. Бұл дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 121-бабы 3-бөлігі (Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) бойынша тергеу шаралары басталды.

Кейінірек Алматы облысының Бақанас ауылында 3 жасар егіз қызды өгей нағашы атасы зорлағаны белгілі болды. 

Ал кеше кішкентай қыздарды зорлады деген күдікке ілінген 40 жастағы ер адам ұсталып, қамауға алынды.