02 там, 2024 сағат 16:44

Операторлар қазақстандықтардың жеке деректерін сақтандыруға міндеттеледі

Фото: smartnews.kz

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов қазақстандықтардың жеке деректерін күзетудің жаңа тәсілі енгізілетінін мәлім етті.

"1 миллионнан астам жеке деректерді өңдейтін операторларға міндетті киберсақтандыру енгзуді жоспарлап отырмыз. Бұл да автокөлік сақтандыруы сияқты. Оның мәні көлік иелерін ықтимал жол апаттарынан сақтандыру. Осы тәсілді киберсалада қолданбақшымыз. Мысалы, қандай да бір ұйым жеке деректерді ұрлатып алса, соның салдарынан жеке дерек иелері шеккен зиянды сақтандыру компаниялары төлейді. Ал ондай қателік жіберген оператор келесі жылы міндетті сақтандырудың төлеміне өте үлкен сома өтейді деген сөз", — деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 


Комитет басшысының айтуынша, мұндай жүйе қарапайым азаматтарды компаниялармен соттасу ауыртпалығынан босатады.

"Бұл, біріншіден, операторларды жеке деректердің қауіпсіздігіне көбірек көңіл бөлуге итермелейді. Екіншіден, бұл жеке дерегі ұрланған азаматтар әрбір жағдай бойынша қандай да бір компаниямен соттасып жүрмейтіндей өркениетті жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді. Біздің елде ондай соттар өте ұзаққа созылады және күрделі өтеді", — деді Руслан Әбдіқалықов.