Медициналық мекемелерге жеткізілген 100 адам алдағы 14 күн бойы карантинде болады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
«2020 жылдың 4 наурызында шыққан Бас мемлекеттік санитардың қаулысымен коронавирус инфекциясы бойынша (COVID-19) 1 A санатындағы (ҚХР, Оңтүстік Корея мен Иран) мемлекеттерден келген азаматтар жергілікті атқарушы органдар айқындаған орында үзіліссіз 14 күндік карантинге жатуға міндетті. 2020 жылдың 5 наурызында сағат 15.50-де Сеул-Алматы ұшағымен 197 адам ұшып келді. Олардың ішінде транзитпен келгендердің саны - 97 (Қырғызстан – 23, Өзбекстан – 37, РФ – 16, Украина – 18, Оңтүстік Корея – 2, Тәжікстан - 1)», - деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінен.
Министрліктің мәліметіне сәйкес, өз азаматтары үшін арнайы автобус шығарған Қырғыз Республикасы 21 азаматын еліне алып кеткен.
«Жалпы медициналық мекемелерге 100 адам (оның ішінде төртеуі бала) жеткізілді. Оқшауланған адамдардың бәрі де медициналық бақылауда. Карантин уақыты 14 күнге созылады. Осы уақытта карантиндеу орнын тастап кетуге болмайды. Режімді бұзған адам әкімшілік жауапкершілікке тартылады», - деп хабарлайды министрліктен.
Еске сала кетсек, кеше ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев Қазақстанға келетін жолаушылардың тасымалын шектеу бойынша жаңа шаралардың енгізілетінін мәлім еткен еді.
Оның айтуынша, 8 наурыздан бастап 1-ші санаттағы елдердің азаматтары Қазақстанға кіре алмайды. Қазақстан бірінші санатқа кіргізген елдердің ішінде – Оңтүстік Корея да бар. Алайда бұл шектеудің сол елдегі Қазақстан азаматтарына қатысы жоқ.