07 қар, 2022 сағат 13:12

Оңтүстік Корея президенті Хэллоуиндегі оқиғаға байланысты халықтан кешірім сұрады

Фото:twitter.com/MySamudera

Оңтүстік Корея президенті Юн Сук Ёл Сеулдегі Хэллоуин мерекесінде болған оқиғаға байланысты халықтан кешірім сұрап, барлық кінәлі шенеунікті жауапқа тартуға уәде берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі Daily Mail басылымына сілтеме жасап.

Ол сонымен қатар полиция мен ұлттық қауіпсіздікті басқару жүйесін реформалайтынын айтқан. Саясаткер қауіпсіздікті тексеру отырысында кешірім сұрады, өйткені ел қаза болғандарды жоқтауды тоқтатпаған. Қазір бұл оқиғаға қатысты құзырлы органдардың әрекетіне қатысты тергеу жүріп жатыр.

"Мен өзімді ұлдары мен қыздарынан айырылған ата-анамен салыстыра алмаймын. Бірақ адамдардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға міндетті президент ретінде жүрегім ауырады. Бұл қайғының қандай қиын екенін айтып жеткізу мүмкін емес. Құрбандардың отбасыларынан кешірім сұраймын", - деді ол.

Саясаткер жан-жақты тергеу жүргізіп, заңбұзушылыққа жол бергендерді жауапқа тартуға уәде берді.

"Атап айтқанда, адамдардың қауіпсіздігін сақтау үшін қауіп-қатерге дайындалу және жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін қажет полиция жұмысын ауқымды реформалау қажет", - деді Юн.